Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар Астана халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) аралап көрді.
Президенттерге қаржы орталығының құрылымы мен қызметінің негізгі бағыттары туралы мәлімет берілді. АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұровтың айтуынша, бүгінгі таңда Қаржы орталығы арқылы тартылған инвестиция көлемі 14,4 миллиард долларға жетті. Оның ішінде 7,1 миллиард доллар – Astana International Exchange биржасындағы портфельдік инвестициялар, ал 7,3 миллиард доллар – АХҚО қатысушыларының инвестициялары. Қаржы орталығында әлемнің 80-нен астам елінен 3700-ге жуық компания тіркелген.
Мемлекеттер басшыларына прецеденттік құқық нормалары мен қағидаттарына негізделген Орталық Азиядағы алғашқы сот жүйесі – АХҚО Сотының, сондай-ақ Халықаралық төрелік орталығының жұмысы жөнінде баяндалды. Бұдан бөлек, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) ерекшеліктері таныстырылды.
АХҚО-ға Словенияның ресми делегация мүшелерімен қатар осы елдің жетекші компанияларының басшылары да барды.