Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы қосымша құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетуге қарсы. Депутаттар бұл шағын және орта бизнестің тамырына балта шабады деп отыр. Әрі көлеңкелі бизнес көбейіп кетуі мүмкін. Олар ұсынылған құн салығының шегін кемінде екі есе, 15 миллион теңгеге көтеруді ұсынды. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіндегі корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін төмендету де негізсіз екенін жеткізді. Әсіресе денсаулық сақтау саласына қосымша салық жүктемесін енгізуге болмайды деді. Сондай-ақ 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қосымша құн салығынан босату қажеттігін атады. Отандық кітап шығару, археология және анимация саласы үшін де салықты алып тастауды ұсынды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президенттің «салық саясатындағы өзгерістер кәсіпкерлерге жасалған жағдайды нашарлатпауы тиіс» деп ескерткенін еске салды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы :
-Салық кодексі ол әр отбасына, әр азаматтың өміріне тікелей әсер ететін маңызды құжат. Мемлекет басшысы Салық саясатына өз Жолдауында арнайы тоқталды ғой. Бизнестің өркендеуі мен экономиканың орнықты дамуы, елдің әлеуеті мен халықтың әл-ауқаты да мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуы да осы салық кодексімен тығыз байланысты. Сондықтан салық заңнамасының сапалы, әділ, ашық және болжамды болуына біз қолжеткізуіміз керек. Бұл біздің Парламент пен Үкіметтің ортақ міндеті.