Еліміздің мыңнан астам азаматы түрлі қылмыстық істер бойынша шет елдерде жазасын өтеп жатыр. Оларды экстрадициялау мәселесі тиісті заң аясында шешіледі. Бұл туралы Парламент Сенатында айтылды.
Депутаттар Қазақстан мен Кипр Республикасы арасында сотталған адамдарды беру туралы келісімді көздейтін заңды мақұлданды. Бұдан өзге, енді елде букмекерлік кеңес жарнамалары мен ойын бизнесіне қатысты талап күшейтілетін болды.
Қазақстан мен Кипр арасында жасалған келісім түрлі заңсыздықтар бойынша сотталғандарға қатысты болып отыр. Яғни азаматтығы анықталса, жазасын туған елде өтеуіне мүмкіндік береді.
Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, дәл осындай 26 мемлекетпен келісім бар. Ал бүгінде мыңнан астам қазақстандық азамат шет елдерде жазасын өтеп жатса, тағы осыншама адам іздеуде екен. Оның арасында бұрыңғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің туған ағасы Арғын Зайроллаұлы да бар.
Ғалымжан Қойгелдиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Арғынға қатысты Қарағанды облысындағы хоккей клубына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша бас прокуратура іс қарап жатыр. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Тұрғылықты жері анықтағаннан кейін экстрадациялау мәселесі қолға алынады.
Бұдан өзге, Сенатта денсаулық сақтау және ойын бизнесі мәселелері туралы заң қаралды. Оның аясында букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға қатысты талап бар.
Сондай-ақ құмаройындарға енді бас бостандығынан айырылған және шартты жазаға кесілгендерді қатыстырмау көзделген. Бұрын ол санатқа мемлекеттік қызметшілер мен әскерилер және Ішкі істер органының өкілдері кірген еді.
Қайрат Тастекеев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Аталған адамдардың құмаройындарға қатысуы қандай салдарға әкеп соғады және бұл үшін қандай жауапкершілік көзделген?
Серік Жарасбаев, ҚР Турзим және спорт вице-министрі:
- Қайтадан қайта қылмыстық істерді жасамау үшін соған бағытталған. Енді баршаңызға мәлім, егерде адам бір рет сотталса, оның кейбір заңбұзушылыққа байланысты, мүмкін жұмыстың шектелуіне байланысты мәселелері болады. Осы кезде құмаройындарға шектеулер болу үшін осындай заңға талаптарды енгізіп жатырмыз.
Заң бірнеше кодекске де қатысты. Нәтижесінде депутаттар екі оқылымда қарап мақұлдады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Түзетулер аясында медициналық қызметтерді регламенттейтін нормалар мен уәкілетті органның жекелеген құзыреттері қайта қаралды. Сонымен қатар лудоманиямен күресті артыруға бағытталған нормалар да қарастырылып отыр. Бұл бағытта букмекерлік кеңселер мен тотализатарларды жарнамалау талаптары күшейтілді. Сондай-ақ құмаройындарға қатысуға тыйым салынатын азаматтардың тізбесі кеңейтілді.
Құжат денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге мүмкіндік бермек. Әрі ойын бизнесінің халыққа теріс әсер ету тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Таир Мерекенов