Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясы Консультативтік кеңесінің шақыруымен Эр-Риядқа барды.
Корольдіктің Консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла бен Мұхаммед бен Ибрахим Әл-Аш-Шейхпен және Ислам істері, уағыз және насихат министрі Абдулатиф бен Абделазиз бен Абдрахман Әл-Аш-Шейхпен кездесті. Тараптар ынтымақтастық пен рухани дипломатияны нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ заңнамалық қызметте тәжірибе алмасу жайын да сөз етті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Жалпы екі елдің қарым-қатынастарының қарқынды дамуы бұл әрине, біздің елдеріміздің басшылары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қос киенің сақшысы – Король Салман бен Әбделазиз Әл-Сауд арасындағы тығыз қарым-қатынастың, достықтың, сенімге негізделген диалогтың нәтижесі екені сөзсіз. Екі ел басшылары арасында өте маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Енді біздің мақсатымыз – келісімдерді нәтижелі, толыққанды жүзеге асыру.