М. Әшімбаев Дүниежүзілік ислам лигасының басшылығымен кездесті

  • 61
  • 15.04.2025, 18:39

Бүгінде Таяу Шығыста, Палестина мен Газада қиын жағдай қалыптасып, бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Қантөгісті дереу тоқтатып, саяси диалогты жандандыру керек. Ал бұл мәселеде Дүниежүзілік ислам лигасы маңызды рөл атқарады. Бұл жайында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған ұйымның ұйымдастыруымен өткен конференцияда баяндады.

Қазақстан Парламентінің өкілдері таяуда Сауд Арабиясына сапарлап барған. Жиынға қатысушылар адамзатты алаңдатып отырған өзекті проблемаларды еңсеру әрі өзара іс-қимылды нығайту жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Дүниежүзілік ислам лигасының басшылығымен кездесті. Ол ел Президенті халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін қалыптастыру мәселелеріне үнемі баса мән беретінін және осы мақсатта бейбітшілікке үндейтін жаңа жаһандық қозғалыс құру туралы бастама көтергенін атап өтті.

Бүгінгі жиын нәтижесінде Дүниежүзілік ислам лигасы мен елімізде орналасқан халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Биыл қыркүйек айында Астанада «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған VIII Съезд өтеді. Қазір діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың бірлескен әрекеттері аса маңызды. Сол арқылы ғана біз қарулы қақтығыстарды және халықтар мен діндер араздығын тоқтатуға арналған іс-қимылдарды жандандыра аламыз.