Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында барлық қазақстандықтың күш жұмылдыруы маңызды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXXIV сессиясында Президент жүктеген міндеттерге назар аударды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы реформалар бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету — Сенат қызметіндегі негізгі басымдық екенін айтты. Әрі палата жұмысының алдағы бағыттарына тоқталды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде аталған институттың ел дамуындағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімділігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Бұл міндеттердің сапалы, әрі уақтылы орындалуы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының және жалпы Сенаттың назарында болады. Осы бағытта депутаттардың барлық мүдделі тараппен жүйелі диалог құруының маңызы зор.