Алматыда Қазақстан мен Өзбекстанның Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысы өтті. Оған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен Өзбекстан Олий Мажлисі, Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоилов қатысты. Жиынның негізгі тақырыбы - экономика, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект сияқты бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы жобаларға арналды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты тауар айналымын, 2030 жылға қарай 10 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті де бар. Сондай-ақ депутаттар жоғары деңгейде қол жеткізілген үш негізгі көлік-логистика жобасының жүзеге асырылу мәселелерін талқылады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Екі ел президентінің саяси ерік-жігері мен даналығының арқасында қазақ-өзбек байланысы бұрын-соңды болмаған биік деңгейге жетті. 100-ден астам келісімнен тұратын берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Олар біздің қарым-қатынастарымыздың барлық саласын қамтиды.