Мемлекеттік кеңесші Астанада өтіп жатқан «Орталық Азия-Қытай: аймақтық әріптестіктің жаңа көкжиектері» атты талдау орталықтарының 5-ші форумына қатысты.
Шараны Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясына қарасты Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтымен бірлесіп ұйымдастырды. Форумға Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінен келген өкілдер қатысты. Алқалы жиында сөз сөйлеген Ерлан Қарин көпжақты диалогты нығайтудың маңызына тоқталып, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Мемлекеттік кеңесші таяуда елордада өтетін «Қытай – Орталық Азия» саммитінің екінші отырысы осының бір дәлелі екенін айтады. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықтың күшейе түскеніне назар аударды. Ерлан Қарин елімізде жүзеге асырылған реформаларға және даму жолындағы басым бағыттарға тоқталды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасы 15 пайызға өсті. Еліміздің жалпы ішкі өнімі 288 млрд долларға жетті. Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 46 пайызға жуық артып, 14 мың доллардан асты.
Негізгі капиталға құйылған инвестиция 5 жылдың ішінде 1,5 есе артып, былтыр 19 трлн теңгеден асты. Алдағы 4 жылда жыл сайын 200 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.
Форумға Орталық Азия елдерінен жетекші талдау орталығы, мемлекеттік құрылымдар, ғылыми мекемелер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олар талдау орталықтары форумының маңызын атап өтті.
Сунь Чуанчжи, Қытай қоғамдық ғалымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры:
- Менің ойымша, мұндай форумды ауқымды самиттің алдында үнемі өткізіп тұру қажет. «Орталық Азия-Қытай» саммитіне қатысушы елдер арасында осындай диалог алаңдарын құрған дұрыс. Себебі мамандар өзара тәжірибе алмасып, саммитте көтеретін мәселелерді пысықтап ала алады.