Президент еліміз Парламенттік ассамблея ұсынған тың бастамаларды қолдайтынын айтып, түркі ықпалдастығына үлес қоса беруге дайын екенін мәлімдеді.
– Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Бұл құрылым елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына ерекше ықпал етеді деп сенеміз. Оның әлеуетін халықтарымыздың ортақ мақсатына пайдаланған жөн деп санаймыз. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. «TURKTIME» ұранымен біз бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Түркі ықпалдастығын тереңдетуге серпін беретін 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырдық. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылданғанына, ұйым елдері арасында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция саласындағы байланыс арта түскеніне назар аударды.
– Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жүргізіп отыр. Осының бәрі – түркі ықпалдастығын бекемдей түсетін маңызды қадамдар. Біз Түркі мемлекеттері ұйымы саммиттерінің қорытындыларын жоғары бағалаймыз. Уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыруға ерекше мән береміз. Жақында Мажарстанда өткен мемлекет басшыларының бейресми кездесуі нәтижелі болды. Қазақстан осы игі үрдісті жалғастыра беруге қашанда әзір. Бұл ретте, мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсындым, – деді Мемлекет басшысы.
Президент соңғы жылдары Қазақстанда жан-жақты жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталды.
– Біз жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға маңызды түзетулер енгіздік. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген жаңа жүйеге көштік. Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот құрылды. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртыла бастады. Биылдан бастап еліміздегі барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайлануда. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болған емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құруды түпкі мақсатымыз деп атады.
– Бұл тұжырымның ажырамас бөлігі – Таза Қазақстан концепциясы, оны біз түбегейлі іске асыруымыз керек. Таза Қазақстан дегеніміз – тек тазалық қана емес, бұл – халқымыздың болмысын жаңғырту, өркениетті ұстанымдарға қарай бет бұру деген сөз. Мен халықпен, әсіресе, жастармен кездескен кезде оларға үнемі еліміздің келешегі – өскелең ұрпақтың қолында деп айтамын. Бұл – шындық, ақиқат. Сондықтан жастарымыз саналы, ақылды, көзі ашық, ұқыпты, зайырлы және адал болуы керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының даму бағдарын айқындап, осы салада нақты реформа жүргізіліп жатқанын айтты.
– Соның арқасында 2024 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі шамамен 290 миллиард долларға жетті. Бұл бір адамның басына шаққанда 14 мың доллар деген сөз. Бірақ алдымызда тұрған түйткілдер аз емес. Оларды ойдағыдай шешу үшін бірқатар маңызды іс-шараларды қолдану керек. Атап айтқанда: ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту, ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсету, көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру бойынша қазір белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл экономикалық өсім 5 пайыздан астам болмақшы. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін түркі мемлекеттерімен тиімді ынтымақтастықты нығайту өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Астанадағы алқалы жиын «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» деген тақырыпта өтеді. Мемлекет басшысы мұны толықтай қолдайтынын айтты. Қазіргі сын-қатерге толы алмағайып заманда өзара ықпалдастықты нығайту аса маңызды.
– Қазақстан бауырлас елдер арасындағы парламентаралық байланысқа, әсіресе, халықтық дипломатияға ерекше мән береді. Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы – аса беделді халықаралық ұйым, ынтымақтастығымызды дамытуға мүмкіндік беретін бірегей құрылым деп күмәнсіз айтуға болады. Сіздердің Ұйым аясындағы бірлескен жұмыстарыңыздың мән-маңызы өте зор, – деді Мемлекет басшысы.
Жиындағы қорытынды сөзінде Президент бұл кездесу түркі мемлекеттерінің мақсат-мүддесі бір екенін айқын көрсететінін айтып, татулықты сақтау мен нығайту баршаға ортақ міндет деп атады.
– Қазақстан түркі мемлекеттерінің парламенттік дипломатиясын барынша қолдайды. Біз бәріміз тату болсақ, осы құбылмалы заманды аман-есен еңсереміз, экономикаларымыздың дамуына үлкен серпін береміз, төрт құбыламыз түгел болмақ. Бауырымыз бүтін, бауырластығымыз мәңгі болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиынға Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлері қатысты.