Астанада Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV отырысы өтті

  • 119
  • 12.06.2025, 18:43

Бауырлас елдердің ынтымағы артады. Астанада Түркі мемлекеттері парламенттік Ассамблеясының 14-ші отырысы өтті. Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы өкілдері, депутаттар және халықаралық бірлестіктердің жетекшілері қатысты. Алдымен тараптар Ассамблея кеңесінің отырысында бас қосып, өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылады. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясына төрағалық тізгіні Әзербайжан тарапынан Қазақстанға тапсырылды. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 

- Президенттеріміздің ізімен біз де еліміздің ынтымағын тереңдетуге күш салып жатырмыз. Аманат арқалаған депутат ретінде халқымыздың ниеті мен арман-мұратын жақсы білеміз. Әрине, ең әуелгі мақсатымыз – көшбасшыларымызға тірек бола отырып, тағдыршешті шешімдерді заңнамалық тұрғыда қолдау. Дегенмен Парламент заң қабылдайтын институт қана емес. Ол ұлттарымызды ұйыстыратын, елдерімізді жақындастыратын, заңнамаларымызды үндестіретін алтын көпір. Біздің басты әрі тарихи миссиямыз осы деп ойлаймын.

Бүгінде бауырлас елдерді мемлекет басшылары арасындағы берік достық, ортақ мүдделер мен мығым мәдени байланыс біріктіреді. Отырыс барысында Түркі мемлекеттерінің мүддесін алға тартып, халықаралық ұйымдармен ықпалдастықты күшейту, бірлескен форумдар өткізу мәселесіне де назар аударылды. Сондай-ақ бірнеше модельдік заң жобалары қабылданды.