Бидай мен жүгеріні терең өңдейтін зауыт салынады 

  • 48
  • 16.06.2025, 18:32

«Орталық Азия – Қытай» индустриялы-инвестициялық ынтымақтастық форумында 58 жоба бойынша келісім жасалды. Құны 25 млрд доллар. Аграрлық саланы әртараптандырып, өңдеу өнеркісібін дамытуға басымдық берілмек. Жаңа кәсіпорындар қашан іске қосылады?  

Орталық Азия мемлекеттерінде 80 млн халық тұрады. Осы алып нарық Қытаймен экономикалық байланысын нығайтуға мүдделі. Бүгінгі іс-шара соны ресми түрде бекемдеу үшін осымен екінші рет өткізіліп жатыр. Елдер арасындағы алыс-беріс бұрыннан жолға қойылған. Былтырдың өзінде сауда айналымы 95 млрд долларға жетті.   

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

-Екі ел арасындағы тауар айналымы тарихи көрсеткіш 44 млрд долларға жетті. Сондай-ақ біздің елде қытай инвесторларының қатысуымен жалпы сомасы 66 миллиард доллардан асатын 224 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Мадияр Сұлтанбек, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

-Енді міне тағы да жаңа келісімдер жасалып жатыр. Олар экономиканың әр саласына арналған кәсіпорындар ашуға бағытталған. Мәселен бүгін 60 жуық жоба бойынша құжат алмасу рәсімі өтті. Негізі ұсыныстар бұдан да көп болған. Солардың негізгісі дәнді-дақылдарды терең өңдеу жобасы. 

Осыған кеңірек тоқталсақ. Таяуда Ақмола облысында бидайды терең өңдеуге арналған зауыт құрылысы басталады. Кәсіпорынның жылдық қуаты 1 млн тонна. Өндіріс орны іске қосылғанда 1,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.  

Марат Ахметжанов,Ақмола облысының әкімі:

- Аршалы ауданында осы жоба іске асады. Терең өңдеу болғанда сапасы төмен бидайдан жасалады. Аминокислоты, Глюконат натрия, сосын тағы да тамақ қосқыштарын жасайды. Мұның өз құны шикізаттан 10-15 есе жоғары. Сондықтан осы жоба бізге өте тиімді. 20 маусым құрылысы басталады.  

Ал Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін кәсіпорын салу жоспарланған. Бүгінгі форумда ол бойынша да келісім жасалды. Жалпы бұл біз үшін мүлдем жаңа өндіріс болғалы тұр. Өйткені аталмыш дақылды Қазақстан тек шикізат түрінде ғана сатады. Онға жуық өнім шығаратын кәсіпорынның жылдық қуаты 3 млн тонна. Жоба құны 850 млн доллар.  

Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхаметәлі Тілдебаев