Су ресурстары және қалдықтарды басқару саласында экологиялық ынтымақ артады

  • 27
  • 19.06.2025, 18:52

Су ресурстары және қалдықтарды басқару саласында экологиялық ынтымақ артады. «Қазақстан – Еуроодақ» диалог платформасының 17-ші отырысында су қауіпсіздігі, трансшекаралық байланыс пен циркулярлы экономикаға көшу мәселесі талқыланды. Бізде ауыл шаруашылығында су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы іске асып жатыр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Team Europe компаниясының су, энергетика және климаттың өзгеруі жөніндегі өңірлік бағдарламасы Қазақстанның су секторына жеке инвестиция тартатынын жеткізді. Ал қалдықтарды басқаруға келсек, соңғы 10 жылда елде өңдеу үлесі 1%-дан 25%-ға дейін өсті. 2030 жылға қарай көрсеткіш 40%-ға дейін жетуге тиіс.  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

-Біздің кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге негізделген стратегиялық өзара іс-қимылымыз саудадан бастап, климаттық күн тәртібіне дейінгі бағыттарды қамтиды. Оны табысты іске асыру үшін біз халықаралық әріптестердің, әсіресе Еуропалық Одақтың озық технологияларды енгізу, инвестициялар тарту және тәжірибе алмасып, кәсіби әлеуетті арттыру бойынша қолдауына сенеміз.

Ақтауда тәулігіне 150 мың текше метр су тұщытатын қондырғы салынуы мүмкін. Нидерландының Бенилюкс компаниялар консорциумы жобаны іске асыруға дайын. Ал Германия Қазақстанға бизнес миссия ұйымдастыруға ұсыныс жасады. Олар трансшекаралық өзендерді басқару бойынша тәжірибе алмасып, табиғи апаттардың алдын алу мәселесін талқылайды. «Еуропалық компания өкілдері су саласында цифрлық жүйені пайдалану өзекті»,– деп отыр. Осылайша шығынды азайтып, суды қайта пайдалануға болады.