Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары cъезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Сингапурда өткен Ұйымшыл қоғамдар жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты.
Іргелі жиында түрлі сала мамандары әлемде біртұтас әрі тұрақты көпмәдениетті қоғам құруды көздейтін инновациялық шешімдер әзірлеу барысына мән берді. Сондай-ақ өзара идеялармен бөлісіп, озық тәжірибелерді талқылады. Дөңгелек үстелде Мәулен Әшімбаев «Әралуандықтағы бірлік: көпмәдениетті қоғамда дінаралық және этносаралық диалогты дәріптеу» тақырыбында сөз сөйледі. Кездесуге Парламент депутаттары, Сингапурдың Дінаралық ұйымдарының Президенті, дін қайраткерлері, сарапшылар мен жастар қоғамдастықтарының өкілдері қатысты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап конфессияаралық келісім мен қоғамның бірлігін нығайтуға ықпал етіп келеді. Сингапурдың 2003 жылы қабылданған Діни келісім туралы декларациясы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің декларациясындағы маңызды принциптермен сәйкес. Биылғы қыркүйекте Астанада VIII съезд аясында екінші форум өтеді. Біз сол іс-шараға қатысу үшін Сингапурдан келетін діни конфессиялардың жас өкілдерін, ғалымдар мен зерттеушілерді қуана қарсы аламыз.