Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сингапур Президенті Тарман Шанмугаратнаммен және Парламент спикері Сеа Киань Пэнмен кездесті.
Тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайту жайын талқылады. Қазақстан Сингапурды жүйелі дамудың озық үлгісі санайды. Қазақстан мен Сингапур ондаған жыл бойы ортақ құндылықтар мен мүддеге негізделген берік серіктестікті қалыптастырды. Кейінгі жылдарда екіжақты ынтымақтастық айтарлықтай нығая түскеніне де мән берілді.
Жоғары палата төрағасы Тарман Шанмугаратнамға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, сингапурлықтарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Өз кезегінде Тарман Шанмугаратнам Қазақстан басшылығына сенім танытқаны және Сингапурдағы өзгерістерге қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы:
- Қазақстан мен Сингапур өзара құрметке, ортақ құндылықтарға және ұқсас ұстанымға негізделген берік әрі ұзақмерзімді серіктестік орнатты. 2023 жылы Сингапур Президенті Халима Якоб Астанаға келді. Бұл Сингапур Президентінің Орталық Азияға жасаған алғашқы сапары болды. Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сингапурға соңғы 20 жылда алғаш рет мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапарлар біздің серіктестігімізді одан әрі нығайту жолында жоғары деңгейдегі өзара мүдде мен зор әлеуетті көрсетеді. Қазақстан Сингапур сияқты әлемдік және өңірлік ахуалдың ашықтығы мен теңгерімділігін қолдайды. Бұл құндылықтардың бәрі Сингапурға өте жақын екенін білеміз. Олар біздің бүгінгі және болашақтағы нәтижелі ынтымақтастығымыз бен өзара түсіністігіміздің негізі.