Өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалану – ел дамуының басты кепілі. Мұны Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысында мәслихат депутаттарымен және жергілікті қоғам өкілдерімен кездесуде айтты. Әсіресе ол Президент айқындаған реформалардың іске асырылуына ерекше тоқталды. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Кездесуден кейін сенаторлар Байзақ ауданындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ облыстық оңалту орталығы мен әлеуметтік нысандарды аралады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Облыстардың дамуына жағдай жасауға аса мән берілуде. Нәтижесінде қазіргі таңда өңірлерде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Осы істе де Жамбыл облысының қарқыны көңіл қуантады. Біз алдағы уақытта да әріптестерімізбен бірге облыстың жан-жақты дамуына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз.