Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі қылмыстық ахуал мен ішкі істер органдары жүзеге асырып жатқан Заң мен тәртіп қағидатының орындалуы туралы баяндалды.
Президент құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.
Министрдің мәліметіне сәйкес, биылғы 7 айда қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде елдегі қылмыс саны 9 мыңға азайған. Адам өлтіру, қарақшылық, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, бұзақылық және тағы басқа негізгі қылмыс түрлерінің төмендеуі байқалады. Бұл істерді ашу деңгейі жақсарып келеді.
Ауыр және аса ауыр қылмысқа қатысы бар 146 қылмыстық топ жойылды.
Полиция өндірісіндегі барлық қылмыстық іс бойынша азаматтардың 28 миллиард теңгеден астам шығыны өтелді.
Ержан Сәденов қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы баяндады. Есепті кезеңде іздеуде жүрген 956 адам ұсталды, олардың 24-і шетелден Қазақстанға экстрадицияланды. Хабар-ошарсыз кеткен 600 адамның, соның ішінде 125 кәмелетке толмағанның жүрген жері анықталды.
Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл аясында 6 call-орталық жойылды, 67 миллион жалған қоңырау мен 3 мыңнан астам алаяқтық сайт бұғатталды. Алаяқтардың 2,8 миллиард теңгені шығаруына жол берілмеді.
11 тоннадан астам есірткінің айналымға түсуіне тосқауыл қойылып, 19,5 мың есірткі сайты бұғатталды.
Сондай-ақ министр мас күйде жасалатын қылмыстың алдын алу, кадрлық әлеуетті арттыру және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру шараларына тоқталды.
Кездесу соңында Президент еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі арттыруға қатысты бірқатар міндет жүктеді.