Қытай жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жаһандық ұйым құру туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысы бүгінгі жиында көршіміздің бұл ұсынысын қолдау керектігі жөнінде пікір білдірді. Алдымен оның негізгі мақсатын түсіндірді.
Жаңа ұйым жасанды интеллектіні басқаруға арналған көпжақты тәсілдерді ілгерілетіп, цифрлық алшақтықты жоюға қызмет етеді. Жалпы жасанды интеллектіні пайдалану этикасын қалыптастырады. Президент: «Қазақстан дайындық іс-шараларына атсалысу қажет», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн. Әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауымыз керек. Қазір мемлекеттің цифрлық саясатқа қатысты ұстанымдарын қайта қарайтын кез келді.