Жаңа оқу жылына дайындық басталды

  • 12
  • 12.08.2025, 18:34

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Еліміз бойынша 34 мектепті жөндеу жоспардан кешігуде. Премьер-министр бүгінгі Үкімет отырысында осы кемшілікті сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды. Айтпақшы 1 қыркүйектен бастап оқушыларды тамақтандырудың жаңа стандарты енгізілетін болыпты. Студенттер үшін де жағымды жаңалық бар. 

Оқу жылының басталуына дайындық. Қазір өңірлерде 267 мың орынға арналған 232 мектеп салынуда. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді. Міне осы нысандардың 83-ін бірінші қыркүйекке дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Осылайша қосымша 115 мың орын пайда болады. Жыл соңына дейін тағы 140 мың орынға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталады. 

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Қазіргі таңда елімізде 8 мыңнан астам мектепте 4 млн оқушы білім алатын болады. Биылғы 341 мың бүлдіршін 1-сыныпқа келуі күтілуде. 11-сыныпқа 232 мың оқушы өткелі отыр. Жаңа оқу жылының ерекшелігі оқу жүйесіне ЖИ енгізілетін болады. 

Мектептердің тамақтану тәртібіде жаңарады. Асханаларға жаңа стандарт енгізіледі. Мамандар мәзірде ағзаға пайдалы өнімдерді көбейттік дейді. Аталмыш стандарт дұрыс тамақтануға қойылатын халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленіпті.  

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Қантты тұтынуды 3,6 есеге дейін, тұзды 5 есеге дейін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыруды көздейді. Стандарт сондай-ақ шағын жинақты мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балалардың тамақтануына қойылатын талаптарды қамтиды. Бірнеше нұсқалық ас мәзірі әзірленді. 

Жиында балалардың мектептегі және көшедегі жеке қауіпсіздігі де қаралды. Білім беру мекемелерінде лицензиясы бар күзет, турникеттер, жедел басқару орталықтарына қосылған камералар міндетті түрде болуы тиіс. Алайда қазір өңірлердегі жекеменшік білім беру ұйымдарының 30% жуығы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылмаған.

Бауыржан Әленов, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

- Биылғы жылы мектептердің қасында жаяу жүргіншілерге арналған бірде бір бағдаршам орнатылмаған өңірлер бар. Олар Алматы қаласы, Атырау, БҚО, Жетісу облыстары. Әкімдіктер бұл жұмыстарды жандандыруы қажет. Екінші 31 тамызбен 9 қыркүйек аралығында «Абайлаңдар» балалар іс-шарасын өткіземіз. Мақсаты балалардың жолдағы жарақатын азайту. 

Студенттер мәселесі де назардан тыс қалмады. Биыл 10 мың орындық 29 жатақхана салынған. Енді студенттер үйіне орналасу мәселесі туындаса, жастардың жуырда іске қосылған ахуалдық орталыққа жүгінгені абзал. 

Саясат Нұрбек, ҚР ғылым және жоғары білім министрі:

-Біз ұсынып отырған сол ахуалдық орталықтың байланыс номерлері. Міне көрсетеміз. Егер университет ақпарат бермесе немесе жатақхана жеткіліксіз болса, барлық курс студенттері осы жағдай орталығына хабарласа алады. Біз басқа университеттерден резерв іздеп, қайта бағыттаудамыз. Оның үстіне дағдарыс орталығымызда қиын жағдайға тап болған студенттер үшін арнайы бөлінген 55 орын бар.

Биыл барлығы 245 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізулуде. Бірақ соның 34-і кестеден кешігіп жатыр. Олжас Бектенов осыны сынға алып, Алматы қаласы мен Абай, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдеріне мәселені бақылауға алуды тапсырды.  

Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов