Елімізге ресми сапармен келген Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева, сондай-ақ бүгін қазақстандық кәсіпкер әйелдермен кездесті. Соңғы уақытта екі елде де сауда саласында жүрген қыз-келіншектердің саны айтарлықтай артқан. Жиында өзара әріптестікті нығайту жолдары талқыланды. Көршімізде әсіресе жеңіл өнеркәсіп жақсы дамыған. Міне осы тәжірибені бізде қолдануға болады. Жиында жаңа кәсіп түрлерін үйрену, елдер арасындағы сауда-саттықты арттыру, әйел мен бала құқығын қорғау, білім беру, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері сөз болды.
Ольга Перепечина, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:
-Әйелдерді қолдау, кәсіпкерлікті дамыту арқылы олардың табысын арттыру бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары ұқсас. Жалпы Қазақстандық қыз-келіншектер өте белсенді. Қазір еліміздегі кәсіпкерлердің 50% жуығын солар жүргізуде. Соңғы уақытта әйелдер 200-ге жуық жаңа кәсіп түрін игеріпті. Осылайша табыстарын арттыруда.
Танзила Нарбаева, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы:
-Бізде жыл сайын кәсіпкер әйелдер саны 200 мыңға артуда. Соңғы 5 жылда осы қарқын сақталып отыр. Ол үшін Өзбекстанда оқыту орталықтары ашылып кәсіпкерліктің алғышарттары үйретілді. Мәхаллә қызметкерлері кәсіпкер болғысы келетін қыз-келіншектердің тізімін жасақтап отырады. Сондай-ақ 250 астам бизнес жоба жасалды. Әркім сол тізімнен өзіне ыңғайлысын таңдап, кәсіп жасайды. Гранттар бөлу түріндегі қолдау түрі де бар.