Мемлекет басшысы ЖИ министрлігін құруды тапсырды

Мемлекет басшысы ЖИ министрлігін құруды тапсырды
  • 18
  • 08.09.2025, 11:56

Мемлекет басшысы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан 3 жыл ішінде жаппай цифрлық ел болу керек. Бұл үшін Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Президент: «Заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс»,– деді. Қазір елде экономиканың барлық салаларын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ұлттық жасанды интеллект платформасы енгізілді. Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер іске қосылды. Ал IT қызметінің экспорты 2021 жылы 30 млн доллардан, 2024 жылы 700 млн долларға дейін өсті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек».