Сенаторлар Жолдауды талқылады

  • 13
  • 11.09.2025, 19:29

Сенат отырысында депутаттар Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауын талқылады. Онда елді үш жыл ішінде толық цифрландыру, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету және стратегиялық заңдарды қабылдау міндеттері белгіленген. Атап айтсақ, Сенат алдағы уақытта Банктер туралы заң, Цифрлық және Құрылыс кодекстері, Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы заңдарды қабылдауы тиіс. Осы орайда Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев тапсырмаларды сапалы орындау үшін барлық деңгейдегі органдар мен сарапшылар бірлесіп жұмыс істеу керегін атап өтті. Отырыс барысында цифрлық реформалар, инвестициялар тарту және парламенттік жаңғыру мәселелері де қаралды. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Жолдауда жүктелген міндеттер мен мақсаттарды іске асыру үшін тиісті заңнамалық актілер әзірленіп, қабылданады. Парламенттік реформа Президентіміздің әділетті және қуатты Қазақстан құру жолындағы байыпты бағдарының логикалық жалғасы екені сөзсіз. Жалпы Президентіміздің биылғы жолдауын Қазақстанды жаңғыртудың жаңа замандағы кешенлі жол картасы деп қабылдаймыз. 

Сондай-ақ Сенаторлар жалпы отырыста инновациялық қызметті қолдау және мемлекеттік статистика саласына өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес Astana Hub Инновациялық технологиялар паркімен бірігеді. Олардың функциялары мен қаржыландыру жүйесі оңтайландырылады. Ал байланыс операторлары абоненттердің деректерін Ұлттық статистика бюросына ұсынуға міндеттеледі. Бұл мәліметтер халықтың қозғалысын, соның ішінде миграциялық және туристік ағынды талдау үшін қолданылмақ.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Қаралған заң еліміздегі инновация саласын мемлекеттік қолдау жүйесін, мемлекеттік статистиканы одан әрі жетілдіру мақсаттарымен әзірленген. Түзетулер аясында бірыңғай инновациялық класстер құру көзделіп отыр. Осы ретте Астана Хаб пен инновациялық технологиялар паркі класстерлік қорын біріктіру және олардың қатысушылары үшін бірыңғай орта құру қарастырылды.