Президент боксшыларды марапаттады

Президент боксшыларды марапаттады
  • 15
  • 18.09.2025, 18:41

Президент Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін Әлем чемпионатындағы тамаша жеңісімен құттықтап, бұл еліміз үшін тарихи оқиға, халқымыз үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.

– Қазақстан 68 мемлекеттің арасынан үздік шығып, бірінші орынға ие болды. Әлемдік бәсекеде Әнұранымыз жеті рет шырқалды, Көк туымыз жеті рет желбіреді. Барша жұртымыз сіздерге тілеулес болды. Әрине, кілең мықтылар жиналған жаһандық аламанда топ жару оңай емес. Бұл жетістік жылдар бойғы табанды еңбекпен, маңдай термен келгені анық. Біздің ұл-қыздарымыз бокстың отанына барып, өздерінің нағыз мықты спортшы екенін дәлелдеді. Санжар Тәшкенбай және Махмұд Сабырхан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайдың ерекше өнеріне жаһан жұрты тәнті болды. Боксшы қыздарымыз әлемдік жарыста шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Наталья Богданова алтын медаль алып, жеңіс тұғырына көтерілді. Назым Қызайбай шаршы алаңға бірінші болып шығып, елімізге ақжолтай жүлде әкелді. Виктория Графеева және Елдана Тәліпова қола медаль жеңіп алды. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қайрат Сәтжанов, Елдос Сайдалин бастаған бапкерлерге және басқа да мамандарға зор алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті көп жұмыс атқарғанына тоқталып, Қазақстан Бокс федерациясының еңбегін ерекше атап өтті.

– Біз үшін жекпе-жек спортының орны қашанда бөлек. Соның ішінде әйгілі Шоқыр Бөлтекұлы негізін қалаған қазақ боксының өз тарихы бар. Өткен ғасырдың ортасынан бері көптеген спортшымыз әлемді мойындатты. Тәуелсіздік кезеңінде аға буынның даңқты жолы үзілген жоқ. Жазғы олимпиада ойындарынан ел қоржынына түскен 15 алтынның жетеуі – боксшыларға тиесілі. Бұл сабақтастық болашақта лайықты жалғасын табады деп сенеміз. Оған барлық мүмкіндік бар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалғанын, инфрақұрылымды жақсартуға баса мән беріліп жатқанын айтты.

– Балаларға арналған жаттығу залдары, үйірмелер ашылуда. Ауылдық жерлерде заманға сай спорт кешендері бой көтеруде. Менің тапсырмаммен биыл Ұлттық спорт университеті ашылады. Боксты дамытуға арналған нақты шаралар қолға алынып жатыр. Жалпы, біздің еліміздің бокстағы әлеуеті орасан зор. Мұны әлемдік спорт қауымдастығы да мойындайды. Спортшыларымыз – өте дарынды, әлем чемпиондары аз емес. Сондықтан мемлекет боксқа басымдық беріп, оны ұдайы назарда ұстайды. Осы бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуге тиіс. Біз боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеруіміз керек. Бұл – өте маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, World Boxing аясында алғаш рет өткен Әлем чемпионатындағы нәтиже – Ұлттық құраманың бірлескен жұмысының жемісі. Боксшылар, бапкерлер, менеджерлер, спорт дәрігерлері мен басшылар бірігіп, бүгінгі жетістікке жетті.

– Сондықтан жеңіс тұғырынан көрінген спортшылармен қатар, бұл айтулы жеңіске үлес қосқан әрбір азаматты құрметтеуіміз керек. Бокстағы жоғары бәсекелестікті, сондай-ақ оны дамытудың заманауи үдерістері пайда болғанын ескере отырып, Ұлттық құраманы даярлауға кәсіби мамандарды тартып, озық инновациялық шешімдерді белсенді енгізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты спортшы Геннадий Головкинге боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайтаруға атсалысқаны үшін ризашылығын білдірді.

– Әлемдік сайыста ел намысын қорғау – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Сіздердің жеңістеріңіз жастардың спортқа деген құлшынысын арттырады. Спортшыларымыз ұлт саулығын жақсартуға үлес қосып жатыр деп айтуға болады. Чемпион болу – ел мерейін асыру деген сөз. Спортшылардың даңқы – барша халықтың даңқы. Олардың мәртебесі – бүкіл мемлекеттің мәртебесі. Сондықтан біз спортшыларымыздың әр жетістігін мақтан тұтуымыз керек. Бір ел болып, чемпиондарымызды ұлықтап, олардың еңбегін жоғары бағалап, қоғамда жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Мұның бәрі спортты насихаттап, саламатты қоғам құру үшін өте маңызды. Мемлекет сіздерді әрдайым қолдайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы әлемге әйгілі спортшы болу үлкен жауапкершілік жүктейтініне, жастардың чемпиондарға қарап бой түзейтініне назар аударды. Сондықтан сөзбен, іспен, күнделікті мінез-құлық, жүріс-тұрыспен, әдеп-дағдымен көпке үлгі болу өте маңызды деп атады. 

– Жастарды отаншыл, еңбекқор, білімпаз, тәртіпті, жинақы, ұйымшыл, жанашыр болуға баулу керек. Мен сіздерді чемпион деген атқа лайық еліміздің мықты спортшылары деп есептеймін. Жалпы, үлкен спортта биікке көтерілу оңай емес екені белгілі. Ал сол биікте қалу – одан да қиын жұмыс. Сондықтан жеткен жетістікке масайрап, босаңсуға болмайды. Алдымызда тұрған үлкен белес – Лос-Анджелестегі жаһандық дода. Олимпиаданың жеңіс тұғырына шығу – әр спортшының арманы. Бүкіл Қазақстан халқы сіздерге сенеді, үміт артады. Ел сенімін ақтау үшін қазірден бастап дайындыққа кірісу керек. Мен Ұлттық құраманың осы жеңісін Олимп шыңына бастайтын маңызды қадам деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында Президент бірқатар спортшы мен бапкерді мемлекеттік наградамен және Президенттің Алғысымен марапаттады.