Президент: «Еліміз Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі ретінде айқындады»«Біз жікке бөлінушілік барған сайын күшейіп, инвестиция ағынына қатысты саяси сыңаржақ ұстаным белең алғанына куә болып отырмыз. Соның салдарынан былтыр әлемдегі тікелей шетел инвестициясының көлемі 1,5 триллион долларға дейін қысқарды. Қазақстан инвестиция саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуді табанды түрде жақтайды. Тәуелсіздіктің 30 жылында ел экономикасына 400 миллиард доллардан астам қаржы тартылды.Біз әрқашан ашық нарық қағидаттарына сүйенеміз әрі бұл мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты болып қала береді. Еуразия төсінде орналасқан Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызына қызмет көрсететін логистикалық хаб ретінде шешуші рөл атқарады. Біз көлік-транзит инфрақұрылымына, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасына, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізіне және Транскаспий көлік бағытына ондаған миллиард доллар инвестиция саламыз. Қазақстан қалыптасып келе жатқан жаһандық көлік жүйесінің өзегі саналатын аймақтық жеткізу тізбегін дамытуды жалғастырады. 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз.Еліміз Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Ондағы міндеттер мемлекеттік жоспарлауда және бюджет жобасын әзірлегенде ескеріледі. БҰҰ Бас хатшысы мен Ұйымға мүше мемлекеттердің қолдауының арқасында Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Бүгінде Орталық Азияның бірлігі мен өзара сенімі жаңаша сипат алып, өңір халықаралық бейбітшілік пен прогрестің белсенді қатысушысына айналды. «Орталық Азия бестігі» ынтымақтастығын нығайтуда. Сол арқылы тату көршілік дамуға да, қауіпсіздікті күшейтуге де оң септігін тигізетінін дәлелдеп отыр. Соның арқасында біздің өңір әлемдегі негізгі серіктестерімен «Орталық Азия плюс» форматында диалог жүргізе бастады. Қазақстан Ауғанстанның инклюзивті дамуын аймақтағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі деп санайды. Біз ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетіп, сауда, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және көлік тасымалы салаларындағы ықпалдастығымызды жалғастыра береміз».
Қасым-Жомарт Тоқаев Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынды«Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтқан абзал. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алды. Жоспарлы іс-әрекетіміздің арқасында, соның ішінде халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалдық. Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде еліміз бұл маңызды бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырады. Дегенмен Каспий теңізі күннен күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Сондықтан аймақтағы серіктестерімізді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырамыз. Былтыр Қазақстан Франция, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп One Water саммитін өткізді. Болашақта су тапшылығын болдырмау мақсатында анағұрлым тығыз үйлестіру, инвестиция және орнықты шешім қажет. Аталған мәселені күн тәртібіне шығару үшін еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа халықаралық құрылымдармен серіктесе отырып, келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы міндеттемелеріміз аясында елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл қозғалыс тазалыққа, қоқыс жинауға және экологиялық ағартушылыққа атсалысатын миллиондаған еріктіні ортақ іске жұмылдырады.Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрін осы маңызды бастамаға қолдау білдіріп, ынтымақтастық орнатуға шақырамыз. Осы орайда Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынамын».
Мемлекет басшысы: «Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды»«Қазақстан жасанды интеллектіні технологиялық жетістік деп қана емес, адамзат прогресіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарастырады. Алайда жасанды интеллектіні дамытудың тәуекелдері де бар. Атап айтқанда, ол технологиялық, экономикалық және геосаяси теңсіздіктердің күшеюіне әкеледі. Сондай-ақ этика нормалары бұл эволюцияның соңында қалып қоюына жол бермеуіміз керек.Әділеттілік, жауапкершілік және адам құқықтарын қорғау мәселелері жедел әрі нақты шешілуге тиіс. Бұл үшін әр ел ЖИ артықшылықтарын пайдалана алатындай ұжымдық күш-жігер қажет.Қазақстан БҰҰ аясында Жасанды интеллектіні басқару бойынша жаһандық диалогтың басталуын қолдайды. ЖИ саласындағы қауіпсіздік, инклюзивтілік және адамға бағдарлану міндетті түрде ескерілуі үшін аталған платформа жұмысына белсенді түрде атсалысуға дайынбыз.Қазақстанда жасанды интеллект экономика мен мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық секторына енгізіледі. Қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың базалық инфрақұрылымы жасақталып жатыр. Дарынды жас мамандарымыз мұны іске асыруға әзір. Біздің стратегиялық мақсатымыз – үш жылдың ішінде Қазақстанды толық цифрланған елге айналдыру.Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды. Электрондық үкімет ұлттық даму стратегиямыздың негізгі элементі саналады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің шамамен 90 пайызы цифрлық форматта ұсынылады. Жуырда Қазақстанда ең қуатты ұлттық суперкомпьютер іске қосылды.Дегенмен ЖИ мен автоматтандыру көптеген елде жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Сондықтан цифрлық прогресс кәсіптік білім берумен қатар жүргізілуі қажет. Қазақстан жұмыспен қамтуды арттырып қана қоймай, кәсіптік мамандықтардың мәртебесін көтеруді аса маңызды деп санайды».
Президент еліміздегі саяси реформалар жөнінде мәлімет берді«Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде Әділетті Қазақстан құруды көздеген жаңғыру саясатын батыл жүргізіп жатырмыз. Соңғы үш жылда біздің аймақта бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық реформалар жасалды. Жалпыұлттық референдум арқылы Президентті жеті жылға бір мерзімге сайлайтын норма енгізілді. Бұл демократия қағидаттарына сай есептілікті күшейтеді. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанамыз.Қазақстанды жаңғырту ұстанымын басшылыққа ала отырып, елімізде бір палаталы Парламент құру мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсындым.Мақсатымыз – саяси жүйенің қоғам сұранысына сай ашықтығы мен тиімділігін арттырып, оны ұдайы жетілдіру. Бұл реформалардың басты қағидасы: Заң және тәртіп бәрінен жоғары тұруы керек.Біз парасаттылыққа және заң үстемдігіне арқа сүйейтін басқару жүйесі ғана қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді деп санаймыз. Бұл халықаралық инвестицияларға, сауда байланысына және елдің қарқынды дамуына оңтайлы жағдай жасайды. Заңды мүлтіксіз сақтайтын азаматтардың мүддесін қорғау – әділеттілікке, есеп беруге және өзара құрметке негізделген басты басымдықтарымыздың бірі».
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарына тоқталды«Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Биыл экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл біздің аймақтағы ең ірі экономиканың орнықтылығын қуаттай түседі. Дегенмен бұл жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Біз ұзақ мерзімді дамуға бағытталған күш-жігерді жалғастырамыз. Қазақстанның энергетикалық стратегиясы төрт салаға негізделген: мұнай-газ, көмір, уран және аса маңызды минералдар. Бұл құнды ресурстар сенімді энергетикалық серіктестіктің негізі бола алады.Климат өзгерісі мен «жасыл» күн тәртібін көмір кені секілді орасан зор энергетикалық ресурсқа бай елдер қабылдай бермейді. Өйткені бүгінде озық технологияның арқасында оны тазаланған күйінде пайдалануға болады. Сондықтан біз 35 жыл ішінде елімізді декарбонизациялау жөнінде міндеттеме алдық. Тек жаңартылатын энергия көмегімен бүкіл энергетикалық мәселені шешу мүмкін емес.Ауыл шаруашылығы – әлемдік нарықта зор әлеуетке ие жетекші саламыздың бірі. Қазақстанның астық экспортындағы әлеуеті – 12 миллион тонна. Бұл халықаралық нарықтың басым бөлігін қамтиды және көлік байланыстарын жақсарту есебінен сауданы кеңейтудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.Біз сыртқы саудамыздың инклюзивтілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ете отырып, оны одан әрі әртараптандыру мақсатында барлық негізгі халықаралық серіктестерімізбен және аймақтағы мүдделі елдермен ынтымақтастықты жалғастырамыз».
Мемлекет басшысы: «Біздің таңдауымыз: үстемдік емес – тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік»«Ел ішіндегі мемлекеттік басқару реформаларын тереңдету және шетелдегі жаһандық басқаруды қолдау – басты бағдарымыз. Біз бұл бағытты берік ұстанамыз.Қазақстан араағайындық және бітімгер рөлін жалғастырады. Біздің таңдауымыз: үстемдік емес – тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік.Біз халықаралық қоғамдастықтың басқа да мүшелерімен бірлесе отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік, әділеттілік және ынтымақтастық шамшырағы екенін растауға дайынбыз.