Биыл 6 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Италия арасындағы сауда айналымы 10 млрд доллардан асқан. Ал оның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 9,4 млрд доллары – Қазақстанның эспорты. Осылайша, Италия Қазақстанның кәрі құрлықтарғы мызғымас серіктесіне айналып келеді. Бүгін елордаға Италия Президенті Серджо Маттарелла ресми сапармен келді. Тараптар Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп, Мемлекет басшысы италиялық әріптесін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Кейінгі жылдары Қазақстан мен Италия көшбасшыларының кездесуі жиілеген. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелла былтыр қаңтарда Римде кездессе, биыл мамырда Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстанға келіп кеткен еді. Ал бүгін президент Маттарелла Астанаға ат басын бұрып отыр.
Серджо Маттарелланың бұл келісі – ресми сапар, кеңейтілген құрам. Алайда екі ел президенті алдымен екіжақты келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманының Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Президент мырза, Сізді мәртебелі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық байланыстарымыздың негізі берік.
Расында шекаралары шалғай жатса да Қазақстан мен Италия арасындағы алыс-беріс пен барыс-келіс жақсы. Бұған мемлекет басшыларының ықпалы да аз болмаса керек. Өз кезегінде Серджо Маттарелла әріптестікті ары қарай да арттыруға барын салатынын айтты.
Серджо Маттарелла, Италия Президенті:
- Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын.
Кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық берік саяси диалогқа және қарқынды экономикалық серіктестікке арқа сүйейтінін айтты. Бұдан бөлек Президент Италияны кәріқұрлықтағы ең негізгі сауда серіктесіміз деп атады.
- Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,6 миллиард долларға жетті.
Сауда экономикалық әріптестік қана емес мәдени салада да байланыс бекем. Бұны бүгінгі кездесуде Серджо Маттарелла мырза атап өтті.
- Италия Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Мәдениет орталығын ашты. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Былтыр екі елдің өзара тауар айналымы 20 млрд долларға жуықтапты. Мұның ішінде тікелей біздің елден жөнелтілген тауар көлемі 18 миллиардтан асқан. Бүгінде Италия Қазақстанды Орталық Азия нарығының қақпасы санайды. Біздегі мұнайдан бөлек алюминий, ферроқорытпа және ауыл шаруашылығы өнімдеріне Италия тарапынан сұраныс жоғары.
Арман Шаққалиев, ҚР сауда және интеграция министрі:
- 6 айдың қорытындысы бойынша Италия шикізаттық экспорт бойынша бірінші орында. Шикізаттық емес экспорт бойынша үшінші орында. Ендігі мақсатымыз сауда саттық қана емес инвестициялық жағынан Италияның ірі өндірушілерін экономикамызға шақырып, олармен бірлесіп, жоғары деңгейде қайта өңделген өнім шығару бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
Досжан Ысқақ, тілші:
- Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 33 жыл толды. Осы уақыт ішінде екі елдің қарым-қатынасы барынша нығайды. 2009 жылы Қазақстан мен Италия арасында арасында халықаралық стратегиялық серіктестік туралы Келісімшарт жасалды.Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Қазір біздің нарықта 300-ден аса Италиялық компания жұмыс істейді.