Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен жүздесті. Кездесуде екі елдің саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстары талқыланды. Әрі парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылды. Мәулен Әшімбаев Мажарстан Президентінің Digital Bridge 2025 IT форумына қатысуын, Қазақстан-Мажарстан серіктестігін дамытудағы маңызды қадам ретінде бағалады. Өз кезегінде Тамаш Шуйок Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Біздің тарихи байланыстарымыз негізінде экономикалық, инвестициялық ынтымақтастығымыз табысты дамуда. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да кеңейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өткен жылы Будапештке жасаған алғашқы мемлекеттік сапары сәтті болғанын атап өткім келеді. Жоғары деңгейде қабылданған құжаттар біздің қарым-қатынасымызға серпін берді.