Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

  • 7
  • 07.10.2025, 19:33

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында 2022-2026 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы қарастырылып, Жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттер тобының ұсынымдары пысықталды. Мемлекеттік кеңесші Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жетілдіру бағытында қабылданып жатқан шаралардың маңызына тоқталып, бірқатар оң өзгеріске назар аударды. Жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Президенттің екі Жарлығы, он заң және Үкімет қаулысы, мемлекеттік органдардың жүзге жуық бұйрығы қабылданды. Бұл шаралар елімізде жүргізіліп жатқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты өзектендіруге және жемқорлықтың алдын алудың тиісті тетігін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ерлан Қарин Тұжырымдаманы іске асыру мерзімі аяқталуға таяп қалғанын, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеу жұмыстарын бастау керек екенін еске салды. Бұл ретте қазіргі жағдайға талдау жүргізу, халықаралық озық тәжірибені және заманауи үрдістер мен сын-қатерлерді ескеру маңызды. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықаралық серіктестіктің, соның ішінде ГРЕКО ұйымымен өзара ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы зор екенін атап өтті. Жиын соңында Ерлан Қарин «Заң және тәртіп» қағидатын одан әрі орнықтыра түсу сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды іске асырудағы маңызды бағыт екенін жеткізді.