Мемлекет басшысының биыл 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға бағытталған Парламенттік реформа жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында Президент «Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы туралы» өкімге қол қойды. Оның құрамында Парламент Мәжілісі мен Сенатының, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері бар. Бұған қоса оған ғылыми институттардың басшылары, еліміздің құқықтық жүйесін дамытуға үлес қосқан әрі конституциялық құқық, мемлекет және құқық теориясына бағдарланған белгілі заңгер-ғалымдар, сондай-ақ Ұлттық құрылтай мүшелері мен сарапшылар енді.