Үкімет халық тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдады

  • 10
  • 17.10.2025, 19:38

Президент тапсырмасынан кейін Үкімет халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдады.

Ең алдымен жанармай бағасын реттеу қолға алынды. Бүгіннен бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізіледі. Энергетика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және өңір әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстарды жүргізуде.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

-
Қосымша біз Экономика министрлігіндегі әріптестермен бірігіп, жалпы электр энергиясының, жылу саласындағы тарифтердің де өспеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Осы 2 бағыттағы жұмыстарды әріптестермен бірігіп жасап жатырмыз.   

Енді қазақстандықтар үшін арзандатылған ипотекалық несие көлемі 2 есе артады. Үкімет тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру үшін осындай өзгеріс енгізді

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

-
Қараша айында «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары басталады. Жалпы 500 млрд теңге көлемінде несие беріледі. Бұған қоса, «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады. Осы бағдарламаның арқасында шамамен 7 мың әскери қызметкер дайын пәтер сатып ала алады. Барлық пәтер Баспана маркет платформасы арқылы сатылады. Пәтерлердің бағасы мемлекет бақылауында.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіледі. Бұл микро және шағын бизнесте салықтық тексеру, камералық бақылау алынып тасталады. Сот органдарына тіркеуді, қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады. Сондай-ақ Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үшін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайтпақ.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

-
Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ай сайын өңірлерге тікелей сиыр етін жеткізу ұйымдастырылуда. Сонымен қатар отандық өндірушілер және сауда желілерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бөлшек сауда бағасын бекіту жөнінде өндірушімен меморандум жасалады.

Бұдан былай, елімізде автокөлік сатып алу мүмкіндіктері де көбейеді. Мемлекет басшысы жүктеген міндетке сай, Үкімет бірқатар шара қабылдады. Атап айтқанда, экономикалық реформалар аясында отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыруды жалғастырмақ. Бұл реттегі бағдарлама іске аса бермек. Бұдан өзге тағы бір тетік іске қосылады. 

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

-Бұдан бөлек халықаралық тәжірибеге сәйкес, жеке тұлғалар үшін жеңіл автокөлік сатып алуға лизинг тетігі енгізілуде. Лизинг – автокөлікті меншікке сатып алу құқығы мен ұзақ мерзімді жалдау. Бұл шаралар халықтың әл-ауқатын жақсартуға және азаматтардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Бұл игі бастамалар қысқа уақытта қолға алынды. Реформа еліміздің ұзақмерзімді тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Бұл ретте Премьер-министр Үкімет Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру жайлы нұсқауларын қатаң ұстанатынын жеткізді.

Құралай Жұмахан, Мейрамбек Қайыркелді