Былтыр Жетісу облысындағы кеден бекеттері арқылы Қазақстан мен Қытай аумағына 1 млн көлік өтіп, 15 млн тоннадан астам тауар тасымалданған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21% көп. Тұтас Еуропа мен Орта Азия елдеріне жөнелтілген жүк транзиттік әлеуетімізді арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс нәтижесі.
Қазақстан мен Қытай арасындағы алғашқы алыс беріс Қорғас ауылындағы ескі бекет арқылы жүзеге асқан. Кейін екі ел арасында үкіметаралық келісім жасалып, жаңасы салынды. Жеті жылда «Нұр Жолы» кеден бекеті Орта Азиядағы ең ірі көліктік өткелге айналды. Тауар тасымалы 10 есе артып, тәулігіне екі мың жүк көлігі өтетін деңгейге жетті. Қазір саладағылар жасанды интеллектіні енгізіп тексеріс уақытын 30-дан 15 минутқа дейін азайтуға тырысып жатыр.
Серік Дәукенов, «Нұр жолы» кеден бекеті басшысының орынбасары: -«Кеден» ақпараттық жүйесі мен «Интеграциялық бақылау жүйесі» сол екеуінің арасында интеграция жасап ақпарат алмасуды енгізу. Ол – бірінші мақсат. Екінші мақсат – Көліктік бақылау мен инспекциялық тексеру кешеніндегі тауарларға жасалатын сараптаманы автоматты түрде жасау, соған ұмтылып жатырмыз.
Ал «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы 2005 жылы ашылды. Содан бері бұл жер мәдени және сауда-саттық орталығына айналып келеді. Мысалы, кейінгі үш жылда еркін экономикалық аймаққа 3 млн 200 мын турист саяхаттаған.
Мирослав Ройтт, турист:-Қазақстан аумағында жаңа нысандар салынып жатыр екен. Енді екі ел аумағына өтетін мүмкіндік болса, туристер саны артады деп ойлаймын.
Ту Хын Чин, турист:-Қазақстан бізді қатты қызықтырады. Көрші елдің салт-дәстүрін танып, ұлттық тағамдарынан дәм татқымыз келеді. Әзірге Қорғасты тамашалап кейін қалаларын көлікпен аралап шықсам деймін.
Қорғаста құны 258 млрд теңге болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін соның сегізі іске қосылған.
Дамир Қадыр, «Қорғас» ШЫХО басқарушы компания төрағасының орынбасары: -Біз орталықты тәулік бойы жұмыс істейтіндей және Қазақстан мен Қытай азаматтары екі жаққа да өте алатындай етуді ұсынып отырмыз. Сонымен қатар «Нұр жолының» жүктемесін азайтып, тауар тасымалдайтын көліктердің бір бөлігін «Қорғас» арқылы өткізгіміз келеді.
Жыл басынан бері өңірдегі кеден бекеттерінен 650 мың техника өтіп, 9 млн тонна тауар тасымалданды. Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға енді «Достық-Мойынты» бағытында ашылған жаңа теміржол желісі де зор ықпал етпек.
Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов