Грузияға ресми сапармен барған Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Тбилисиде ел Президенті Михаил Кавелашвилимен, Премьер-министр Ираклий Кобахидземен және Парламент төрағасы Шалва Папуашвилимен кездесті. Екіжақты кездесуде Ерлан Қошанов Қазақстан мен Грузияны тарихи байланыстар, достық қарым-қатынас біріктіретінін атап өтті. Өз кезегінде Шалва Папуашвили де екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, оны жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Тараптар саяси диалогты жаңа деңгейге көтеріп, сауда-экономика, инновациялар мен мәдени-гуманитарлық салалардағы байланысты кеңейтуге уағдаласты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Осыдан жарты жыл бұрын Қазақстанға Грузияның Премьер-министрі Кобахидзе мырза ресми сапармен келген болатын. Сол сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өткізді. Сауда, энергетика, өнеркәсіп, инвестиция, туризм саласындағы ынтымақтастықтың кең перспективалары талқыланды. Біздің парламенттік дипломатиямыз жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыруға елеулі үлес қосатынына сенімдімін.