Мемлекет басшысы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі
  • 36
  • 31.10.2025, 11:53

Президент білім және ғылымды ешқандай шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атап, бүгінгі форум соның айқын дәлелі екеніне назар аударды.

–  Бұл – шын мәнінде өте маңызды жиын, жаһандық білім мен ғылымның дамуы туралы аса құнды ой-пікірлер айтылатын, болжамдар жасалатын бірегей алаң. Осыған орай кешеден бері әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары және өкілдері Астанада бас қосып, пікір алмасып жатыр. Халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен сарапшылар елордамызда маңызды мәселелерді талқылауда. Бүгін де академиялық білім әлеміндегі беделді жоғары оқу орындарының жетекшілері терең мағыналы ойларын ортаға салды. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш, ал университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ғылыми ізденіс ортасы.

– Қазір адамзат түбегейлі өзгерістер дәуіріне қадам басқан кезде білім ордалары заман талабына сай озық болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны анық. Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр. 2019 жылдан бері осы салаға бөлінетін қаржы үш есе ұлғайды. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

Мемлекет ғалымдарға, әсіресе, жас зерттеушілерге барынша қолдау көрсетуде. Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы – өте маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өскелең ұрпаққа мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа тоқталды.

– Елімізде 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соған сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың есепшотына салынады, яғни Қазақстандағы әр бала 18 жасқа дейін Ұлттық қордан қаржы алып тұрады. Аталған қаражатты мерзімінен бұрын қолдануға болмайды. Балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін жинақталған қаржыны баспана немесе білім алуға жұмсай алады. Сонымен қатар бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі іске қосылды. Бұл жүйеде ата-аналардың ерікті салымы, мемлекет тарапынан бөлінетін бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс жинақталады. Жобалардың негізгі мақсаты – бір, бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау. Бұдан бөлек, жастарға пайызсыз білім несиелері және түрлі гранттар берілуде. Жоғары білім беру саласының инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр, жаңа оқу ғимараттары (кампустар) бой көтеруде. Аймақтарда жоғары оқу орындарының жанынан студенттерге арналған жатақханалар салынуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздегі жоғары оқу орындарының беделді халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты.

– QS халықаралық рейтинг агенттігінің президенті Нунцио Квакварелли мырза өз баяндамасында бұл мәселеге кеңінен тоқталды, Қазақстан университеттерінің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Біз ортақ мақсат жолында күш біріктіріп, әріптестігімізді нығайта түсуге мүдделіміз, бірлесіп жұмыс істеуге қашанда дайынбыз. Сондай-ақ еліміздің 5 университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды. Бұл да біз үшін зор жетістік, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім-ғылым саласына салынған инвестиция Қазақстанның жарқын болашағына қарай жасалған қадам екенін, алдымызда экономиканы жаңғырту, жаңа өндіріс секторларын қалыптастыру, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға енгізу және Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекет ретінде дамыту мақсаттары тұрғанын жеткізді.

– Қазақстан технологиясы озық ел болуға нық қадам басты. Бұл – біздің жаңа ұлттық болмысымыздың аса маңызды бөлігі деп айтсақ, қате болмайды. Бүгін спикерлер жасанды интеллектінің жаһандық ортақ прогресті өрге сүйрейтін жаңа қозғаушы күш ретіндегі рөліне баса мән берді. Шын мәнінде, осы бірегей технологияның арқасында адамзат алға қарай қарышты қадам жасай алады. 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ІЖӨ көлемін 15 триллион доллардан аса ұлғайтады деп болжанып отыр. Бірақ жасанды интеллектінің дамуынан ең көп пайданы қай ел көреді? Бұл – өте қызықты сауал. Оны терең зерделеп, сараптау қажет. Жауабы аса қиын көрінбегенімен, бұл мәселе адамзат келешегімен тікелей байланысты екенін мойындауымыз керек. Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту және басқа салалармен жан-жақты интеграциялау ең жоғары стратегиялық басымдық саналады. ЖИ сарапшылары мен мамандарын даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Осы мақсатта жыл басынан бері AI Sana бағдарламасын іске қостық. 540 мыңнан астам студент оқу курсынан өтті. Бұдан бөлек, жасанды интеллект барлық мектеп пен университетке міндетті курс ретінде енгізілді. Елімізде Жасанды интеллект университетін ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы қыркүйек айында АҚШ-қа жасаған сапары кезінде OpenAI компаниясымен маңызды уағдаластыққа қол жеткізілгенін еске салды.

– Нәтижесінде Қазақстан ChatGPT негізінде білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады. Аталған бастамалар арқылы отандық білім беру саласында жасанды интеллект әлеуетіне сүйене отырып, кешенді цифрлық трансформация жасалып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Орталық Азия елдеріндегі және біздің аймақпен көршілес бірқатар мемлекеттегі демографиялық көрсеткіштің артуы жоғары білімді экспорттауға және шетел студенттерін елімізге тартуға елеулі мүмкіндік береді деп санайды.

– Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Сондықтан алдымызға күрделі, алайда аса маңызды мақсат қойдық. Оған жету үшін әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды. Көптеген филиалда оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұл – аса маңызды. Өйткені білім беру саласындағы көптілділік адамдардың немесе университеттердің, тіпті, тұтас мемлекеттердің ашықтығы мен бәсеке қабілеттілігінің негізін қалайды. Келешекте де солай болмақ. Оған еш күмән жоқ. Сондықтан әлемдік академиялық кеңістікке шығуға саналы түрде маңызды қадам жасадық. Бұған қоса барлық филиалда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл шетелдік студенттердің мәдениетіміз бен менталитетімізді терең түсінуіне көмектеседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш. 2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады. Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады.

– Шетел университеттерінің филиалын ашу инженерлік және IT білімді дамыту мақсатымызға толық сай келеді. Қазақстанда қолданбалы инженерияның бірегей институты саналатын үш Лу Бань шеберханасы ашылды. Бұл Қытай үкіметінің бастамасы екені баршаңызға мәлім. Пэн Дуань мырза баяндамасында қытай мамандарының елімізге ерекше назар аударып отырғанын әрі Қазақстандағы адам әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Біз үшін ядролық энергетика саласына маман даярлау да ерекше мәнге ие. МИФИ ректоры Владимир Игоревич Шевченко осы маңызды іске белсенді атсалысуға ниет білдірді. Сізбен бірге жұмыс істейміз. Міндетіміз – білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тікелей байланыстыру. Бұл бағытта сәтті мысалдар бар. Ербол Маратұлы Исақаев баяндағандай, Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің серіктестігі нәтижесінде күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технология әзірленді. Бұл – өте қажет жоба. Себебі елімізде күкірттің қоры мол. Аталған жоба химия өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді, ең бастысы, экологиялық түйткілдердің шешілуіне түрткі болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздегі жоғары білім мен университеттегі ғылыми ізденістерге бизнес те белсенді үлес қоса бастағанын мәлімдеді.

– Мәселен, компанияларымыздың бірі Тараз қаласында Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің филиалын ашуға қаржы бөлді. Тағы бір компания шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік аясында тау-кен саласына маманданған университет ашпақ. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО) Астана филиалының қызметіне зор үміт артамыз. Танымал жоғары оқу орнына арнап бөлек ғимарат салынады. Соңғы жылдары Қазақстанның ірі бизнес өкілдері жоғары білім мен ғылымға көбірек қолдау көрсете бастады. Зерттеушілер мен өндіріс ошақтарының ықпалдастық жүйесі қалыптасып келеді. Жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда технологиялық трансфер кеңселерін құру осы бағыттағы перспективті қадам болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан өз университеттерін алдағы уақытта да жан-жақты дамытады.

– Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі. Әділ әрі үйлесімді әлемнің алғышарттары қалыптасады. Жоғары оқу орындары халықтар арасындағы сенім мен ынтымақты күшейтіп, дипломатия құндылықтарын дәріптейді. Университет қабырғасында қалыптасатын студенттер бауырластығы, зерттеушілер қоғамдастығы және академиялық серіктестік тек ғылым-білім саласында емес, экономика мен қоғамдық өмірдегі, тіпті саясаттағы өзгерістерге қозғау салады. Ұлтымыздың біртуар перзенті, әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтың «Ғалым барлық өмірін халық үшін, адамзат үшін сарп етеді» деген сөзі бар. Шын мәнінде, ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету. Ғылым әлеміндегі жетістіктер барша елдің әлеуетін арттыра түсуі керек деп санаймын. Себебі ғылым-білім – бөліскен сайын молая түсетін әрі шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын қуатты құрал. Бұл саладағы ықпалдастық Қазақстандағы білім-ғылым жүйесінің өрісін кеңейтіп, академиялық дипломатияны өркендетуге зор ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде дарынды, қабілетті, ойы ұшқыр азаматтар өте көп екеніне тоқталып, халқымыздың жасампаздық рухына сенетінін жеткізді.

– Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалар – жұртымыздың жарқын болашағына апаратын даңғыл жол. Сондықтан біз алдағы уақытта да білім мен ғылымға арқа сүйеп, Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстанды құру ісін жалғастыра береміз. Осы маңызды миссияны орындауға стратегиялық серіктестеріміз, білім және ғылым ордалары ерекше үлес қосып жатқанын атап өткім келеді. Себебі Сіздер еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың ғылыми көкжиегін кеңейтуге, олардың әлеуетін арттыруға іс жүзінде атсалысып жатсыздар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форумға шетелдік серіктес оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек, Quacquarelli Symonds (QS) компаниясының президенті Нунцио Квакварелли, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) ректоры Анатолий Торкунов, Бейжің Тіл және мәдениет университетінің президенті Пэн Дуань, Cardiff University президенті Венди Ларнер, Woosong білім беру қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ким Сонг Кёнг, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, Minerva University президенті Бен Нельсон, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Эльчин Бабаев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исақаев сөз сөйледі.