Қ. Тоқаев ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен бағыттарын бекітті

  • 9
  • 05.11.2025, 19:39

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Құжат елдің саяси, әлеуметтік және рухани дамуындағы басты бағдарларды айқындайды. 

Төрт тараудан тұратын жаңа тұжырымдамалық құжатта ішкі саясаттың негізгі қағидаттары айқындалған. Олар «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаты. Бұл ұстанымдар елдің тұрақтылығын сақтауға, әділ әрі ашық қоғам құруға бағытталған.

Ғазиз Әбішев, саясаттанушы:

- Елдің әр даму кезеңінде әлеуметтік-экономикалық саясаттың түрлі бағыттары арасында тиімді тепе-теңдік сақтау маңызды. Бұл ішкі саясаттың нәтижелігін арттырады. Қазақстанның ішкі саясатының басты мақсаты да осы – идеологиялық, экономикалық және саяси салалардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету. Бұл ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қадам.

Құжатта ішкі саясаттың жеті басым бағыты да көрсетілді. Олар қоғамдық диалог, этносаралық қатынас, дін, мәдени-гуманитарлық, отбасы және жастар саясаты, сондай-ақ ақпарат саласы. Әр бағыт ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды сақтауға, қоғамның тұтастығын нығайтуға бағытталған.

Айгүл Сәдуақасова, саясаттанушы:

- Біздің қоғамның бірлігі этносаралық қатынастармен байланысты, иә? Біздің қоғамда бірнеше діннің өкілдері бар. Осы адамдардың басы қосылып, бір негізгі адами қасиеттерге ие болып және де адам құқықтары мен бостандықтары жария етілген. Сонымен қатар бұл жерде мемлекет пен адамдардың өзара қатынасы айқындалады. Осының бәрі біздің бірлігімізді және тұрақты даму мүмкіндігімізге бір негіздеме болатын құжат деп білемін.

Жаңа құжат ел дамуының ішкі бағдарына айналады. Бұл жұмысты үйлестіруге Президент Әкімшілігі жауапты болмақ. Басты мақсат – тұрақты, жауапты әрі өзгеше ойлайтын ұлт қалыптастыру. Әділетті Қазақстанның іргесі осылай қаланбақ.

Дана Әлиева