Тоқаев FIP президенті мен Premier Padel төрағасын қабылдады

Тоқаев FIP президенті мен Premier Padel төрағасын қабылдады
  • 9
  • 10.11.2025, 14:45

Кездесу барысында Қазақстанда падел спортын дамыту перспективасы талқыланды. Бүгінде елімізде 1,5 мыңнан астам ойыншыны біріктіретін қоғамдастық қалыптасып, 16 облыста өңірлік федерация құрылды.

Президент мемлекеттің бұқаралық спортты өркендетуге және заманауи инфрақұрылым жасақтауға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Қазіргі кезде елімізде падел ойынына арналған 17 корт бар. 2027 жылы Алматы қаласында халықаралық стандартқа сай келетін 10 корты бар ADD PADEL ARENA спорт кешенін ашу жоспарланып отыр. Орталық Азиядағы заманауи спорт нысандарының біріне айналатын бұл аренада Premier Padel деңгейіндегі турнирлерді ұйымдастыруға болады.

Президент футболды дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде футбол клубтарын жекешелендіру және бәсекелес орта қалыптастыру шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Президент УЕФА Атқарушы комитетінің мүшесі және «Пари Сен-Жермен» клубының акционері ретінде әлемдік футболға қосқан үлесі үшін Нассер Әл-Хелаифиге алғыс айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Халықаралық падел федерациясымен ынтымақтастығын нығайту елімізде осы спорт түрін дамытуға әрі танымалдылығын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.