Президенттің Ресейдегі мемлекеттік сапары жалғасты

  • 12
  • 12.11.2025, 19:15

Қазақ басшысы Владимир Путинмен кездесіп, жоғары деңгейде келіссөз жүргізді. Тараптар экономикадан бастап мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелер егжей-тегжейлі талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісімге қол қойылып, екі ел қарым-қатынасына жаңа серпін беріледі деп күтіледі. 

Ерлікке тағзым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының екінші күні «Белгісіз жауынгер бейіті» ескерткішіне гүл қоюдан басталды. Бұл сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында иық тірестіре шайқасқан халықтардың ортақ тарихына, ортақ жеңісіне деген құрметтің белгісі.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесу өткізді. Президент кеше Путинмен өткен 2,5 сағаттық әңгімелесу барысында екіжақты қатынастар кеңінен талқыланғанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру тұрғысынан тарихи маңызға ие.

Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс жоғары деңгейде. Қос ел стратегиялық серіктестер. Бүгінде Ресей ел экономикасына қаржы құйған жетекші инвесторлардың бірі. Былтыр солтүстіктегі көршімізден тартылған инвестицияның жалпы көлемі 4 миллиард долларға жетті. Мемлекеттер арасындағы әріптестік сан салада қарқынды дамып келеді. Соның бірі – энергетика. Ауқымды жоба – АЭС құрылысы. Бұл нысан ресейлік Росатоммен серіктесе отырып салынбақ.

Борис Марцинкевич, «Геоэнергетика» басылымының бас редакторы:

-Бұл нысанға қажетті кадр мәселесіне тоқталар болсақ, Қазақстанның атомдық физика мектебі бар. Зерттеу реакторлары қалыпты жұмыс істеп тұр. Жылдам нейтрондар реакторында жұмыс істеу тәжірибесі әлемде алғаш болып Қазақстаннан алынғанын да айта кету керек. Тағы Мәскеу инженерлік-физика институтының филиалы да ашылды. Демек, ешқандай проблема туындамайды. Бұл бағыттағы әріптестік әлі де тереңдей түседі деген ойдамын.  

Мемлекеттер арасындағы іскерлік байланысқа келсек, Қазақстанда Ресей капиталы бар 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп келеді. Мыңдаған жұмыс орындары құрылып, экономикалық өсімге де тың серпін беріп отыр.
 
Алтынмен апталып, мәрмәрмен көмкерілген әйгілі Георгий залы. Ғасырлар бойы ең маңызды тарихи сәттердің куәсі болған. Бүгінде бұл залда Ресей президентін ұлықтау, жоғары мемлекеттік марапаттарды тапсыру, құрметті азаматтарды қабылдау сынды шаралар өтеді. Сондай мәртебелі меймандардың бірі – Қасым-Жомарт Тоқаев. Яғни дәл қазір мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтеді.

Кеше екі ел басшылары Кремльде 2,5 сағаттан аса уақыт бейресми жағдайда емен-жарқын әңгімелескен болатын. Бүгін енді тараптар қос мемлекет арасындағы байланысты тереңдету жайын ресми форматта, делегация мүшелерімен талқылауға кірісті. Екі ел президенттері ұдайы байланыста. Жуырда ғана Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Душанбеде өткен халықаралық шараларда жолыққан. Дегенмен пікір алмасатын тақырыптар азайған жоқ. Соның бірі экономикалық ықпалдастызқ. Таяу арада өзара тауар айналымының көлемін 30 миллиард долларға дейін арттыру мақсаты тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Менің ойымша, бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымызға орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады. Өзара қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

-Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағдаластықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады. Сіздің бүгінгі сапарыңыздың қорытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаруды көздейді.

Қос ел Президенті әлі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, Орал қаласында өтіп жатқан өңіраралық форумда бейнебайланыс арқылы сөз сөйледі. Ал сапар қорытындысы бойынша тараптар екіжақты әріптестікті жаңа деңгейге шығаратын маңызды құжаттарға қол қояды деп жоспарланған.

Риат Шони, Асхат Серікұлы, Дулат Ентебеков