Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Кариске ілтипат білдірді.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды. Тараптар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Бұдан кейін екі елдің әнұрандары шырқалды.
– Президент мырза, Сізді елімізде мемлекеттік сапармен қарсы алғаныма қуаныштымын. Эстония – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Біз эстон халқының тарихына, дәстүріне және мәдениетіне құрметпен қараймыз. Екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміз арасында түйткілді мәселе жоқ. Дегенмен өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор. Оны ілгерілете беруіміз керек. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымыз бен достық байланыстарымызға тың серпін береді деп сенемін. Сауда саласында түрлі кедергілер бар екенін білеміз. Бірақ бұл бағыттағы бірлескен жұмыс алға жылжып келеді. Қазақстан Эстонияның теңіз порттарын пайдалануға, сауда-саттық көлемін арттыруға ниетті. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және басқа да құрылымдар шеңберіндегі сындарлы ықпалдастықты өрістетуге мүдделіміз. Осы сапардың нәтижесінде мәдени байланыстарымыз да өркендей түседі деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Алар Карис Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақ жерінде көрсеткен ықыласы үшін алғыс айтты.
– Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы деңгейде. Әлбетте, кейбір кедергілер бар, бірақ оны еңсеруге болады. Кейде біз түйткілдердің оңай шешілетінін аңғара бермейміз. Бизнес өкілдері қазірдің өзінде іскерлік қатынастар мәселесін талқылап жатыр. Бірнеше кездесу жоспарланған. Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылмақ, бірқатар бастамаларды іске асыратын боламыз. Сондықтан келешегіміз жарқын екеніне сенімдімін. Жаңа байланыстарымыз өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға көмектеседі деп үміттенемін. Әрине, әлемдегі геосаяси ахуал тұрақсыз болып тұр. Дегенмен барлық проблеманы бірлесіп шешуіміз керек. Сіз БҰҰ туралы айттыңыз. Бұл – өте маңызды ұйым. Әлемде қақтығыстар мен соғыстар мейлінше аз болуы үшін ұйымға біршама реформа жасау қажет, – деді Эстония Президенті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары экономикалық ықпалдастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, тараптар сауда-инвестиция, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар және білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі екеніне назар аударды.
– Бұл сапар екі мемлекет арасындағы өзара тиімді әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашады. Еліңізді Балтық өңіріндегі, сондай-ақ Еуропа Одағындағы өте маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Эстония инновациялық және өркендеген мемлекет құру жолында таңғаларлық табысқа жетті. Сіздің еліңіз цифрлық жүйеге негізделген мемлекет, үкімет және қоғам құру ісінде көш бастап тұр. Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтарды ел басқару ісіне тарту бойынша көпке үлгі. Біз Эстонияның заң мен тәртіп қағидатын ұстануға, білім беру деңгейін арттыруға және орнықты дамуға бейілділігін жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екіжақты ықпалдастықтың оң қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, Қазақстан мен Эстония барлық бағыт бойынша жан-жақты байланыс орнатқанын жеткізді. Екі ел арасындағы саяси диалог ашық әрі сындарлы сипатта өрбіп, өзара түсіністікті нығайтуда парламентаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарып отыр.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Эстония халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты жолға қойған. Негізгі өңірлік және жаһандық мәселелерде, соның ішінде бейбітшілікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде ұстанымдары ұқсас.
Кездесуде өзара қарым-қатынастың маңызды бағыттарының бірі саналатын экономикалық ынтымақтастыққа баса мән берілді.
Президент Эстонияның 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 миллион доллардан асқанын атап өтті. Қазір елімізде 80-нен астам эстониялық компания логистика (CF&S Kazakhstan LLP), пошта қызметтері (Omniva) және цифрлық сервис (Bolt) салаларында табысты жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет басшысының пікірінше, Эстониядан үлкен бизнес-делегацияның келуі Таллиннің серіктестік аясын одан әрі кеңейту ниетін танытады. Қазақстан эстониялық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдету Қазақстан мен Эстония арасындағы достықты нығайтуға тың серпін береді деп санайды. Президент ғылым-білім саласы екіжақты ынтымақтастықтың ең перспективті бағыты болып қала беретінін айтты.
Алар Карис Қазақстанды Эстонияның Орталық Азиядағы ең маңызды экономикалық серіктесі деп атады.
– Эстония Қазақстан мен Еуропа Одағы нарықтары арасында қуана-қуана дәнекер болады. Эстония бизнес өкілдері Сіз атап өткен транзит және логистика саласынан бөлек, Қазақстанның басқа да секторларына инвестиция салуға әзір. Бизнес-делегациямыздың құрамында 40 компания бар. Олар логистика, транзит, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ білім және ғылым салаларында қызмет көрсетеді. Еуропа Одағының мүшесі ретінде Эстония Орталық Азияның, оның ішінде аймақта көш бастап тұрған Қазақстанның ЕО-мен стратегиялық серіктеске айналғанына қуанады. Атап айтқанда, ЕуроОдақ Global Gateway жобасы аясында көлік және өңіраралық байланыс саласындағы қатынастарды нығайтуға ниетті, – деді Эстония Президенті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге сапармен келгені үшін Алар Кариске ризашылығын білдіріп, бүгінгі кездесуді шынайы достықтың нышаны әрі өзара ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндігі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Эстония президенттері Бірлескен мәлімдеме қабылдады.