Өртті болдырмау мен қауіпсіздікті сақтау мақсатында елдегі тұрғын үй секторларына рейд жүргізу қажет. Үкімет отырысында өрттің жиілеп кеткенін айтқан Премьер-министр жауапты ведомстволарға қатаң ескерту жасады. «Бұл мәселе қазан айында Үкімет отырысында қаралғанымен, жағдайдың жақсарғанын көрмедік»,– деді Олжас Бектенов. Сондақ-ақ Премьер-министр Түркістан облысы Алғабас ауылында болған қайғылы жағдайда қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазір өрттің себебін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысқа кіріскен. Олжас Бектенов зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.