Армения ағартушысына Астанадағы көше атауы берілді

  • 4
  • 21.11.2025, 19:40

Енді елордамыздың сол жағалауында, Астана Арена маңындағы Қабанбай мен Тұран даңғылы аралығындағы шағын көше Месроп Маштоцтың есімімен аталады. Армян халқының даңқты тұлғасы, ағартушы ғалым, Армян әліпбиінің негізін қалаушы Маштоцтың құрметіне көше атауын беру рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл іс-шара Арменияның премьер-министрі Никол Пашиньянның Қазақ еліне сапарымен тұспа-тұс өтіп отыр. Армения ағартушысының құрметіне көше атауы берілетіні туралы 2024 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арменияға жасаған сапары кезінде мәлімделген болатын. Айта кету керек, бұған дейін Ереванда қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылған еді.  

Сәкен Есіркеп, Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

-Астананың бір спецификасы осы. Бізде қандайда бір елдің астанасында көшеге ат беретін болса, міндетті түрде паритеттік негізде біздің Қазақстанның елордасынан да көше беруге таңдайды. Осыған байланысты біз Мисров Маштоцтың атына көше беруді таңдадық. Бұл 750 метр ұзындықтағы көше. Қабанбай батыр даңғылы мен Тұранның арасында орналасқан. Бұл жерде байқасаңыз мына көшені Марко Полоға беріп отырмыз. Мына жақта Мажарстанның ғұламалары, Татарстанның ғұламалары сияқты біркелкі көшелер осылай беріледі.  

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

-Бүгін Қазақстанда Мисроп Маштоцтың есімі берілген көшені ашу арқылы біз осы игі қадамға құрметпен жауап беріп, рухани мұра мәдениеттеріміз қос өзеннің сағасындай тоғысатын, бір-бірін байыта түсетін кеңістік екенін тағы да бір дәлелдеп отырмыз. Месроп Маштоцтың атындағы көше біздің достығымыздың, өзара түсіністікпен мәдени бірлікті нығайтуға деген ұмтылысымыздың жаңа символы.