Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Сердар Бердімұхамедовке ықылас танытып, ризашылық білдірді.
Жоғары деңгейдегі келіссөздерге дейін Ақордада Түрікменстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді. Екі елдің әнұрандары шырқалған соң президенттер келіссөз өтетін залға барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Түрікменстанды стратегиялық серіктес және бауырлас мемлекет санайтынын жеткізді.
– Бізді ғасырлардан жалғасып келе жатқан достық, ортақ тарих, тіл мен мәдениет біріктіреді. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық, экономикалық ықпалдастықтың басқа да түрлері және мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді. Екі ел серіктестігінің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады деп айтуға негіз бар. Бұл ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Дегенмен алға қадам басу қажет. Күн тәртібінде өте маңызды мәселелер тұр. Бүгін олардың шешімін бірлесіп табамыз деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Сізге түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізуге рұқсат етіңіз. Бүгінде Түрікменстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы достық, бауырластық және тату көршілік қағидаттары негізінде дамып келеді. Өзара ықпалдастығымыз саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтиды, – деді Түрікменстан Президенті.
Бұдан кейін келіссөздер екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.
Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-логистикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Энергетика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, IT, білім беру және медицина салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға баса назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.
– Қазақ пен түрікмен – ежелден достығы жарасқан туыс халықтар. Біздің тарихымыз және мақсат-мұратымыз – ортақ, мәдени-рухани құндылықтарымыз – бір. Біз Түрікменстанмен ынтымақтастықты тату көршілік және өзара қолдау рухында барынша нығайтуға айрықша мән береміз. Жарқын болашаққа бірге қадам басу үшін күш жұмылдырамыз. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін стратегиялық серіктестікті нығайта түсеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі ел арасында барлық деңгейде белсенді әрі табысты байланыс орнағанын атап өтті. Үкіметтеріміз жүйелі жұмыс жүргізіп, ведомствоаралық байланыс нығайып келеді. Елдеріміз көпжақты құрылымдар аясында нәтижелі қарым-қатынас жасайды.
Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Ашхабадтың өңірлік, халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша көзқарастары мен ұстанымдары ұқсас.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық ықпалдастыққа айрықша назар аударды. Соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі 4 еседен асып, жарты миллиард долларға дейін ұлғайды.
Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Осы арқылы аталған кәсіпорындар экономикалық байланысты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 миллион доллардан асты.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстың даму қарқынына тоқталды. Президент екі елдің мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, көрнекті қайраткерлердің ескерткіштерін ашу шаралары қос халықтың мәдени-рухани мұрасына айтарлықтай үлес қосады деп санайды.
Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес мемлекеттер деп атады.
– Мемлекеттерімізді ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, көзіміздің қарашығындай сақтап келе жатқан ортақ тарихи тамырластық, мәдени-рухани ұқсастық, салт-дәстүріміздің жақындығы секілді құндылықтар біріктіреді. Саяси-дипломатиялық салада Түрікменстан мен Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ, – деді Түрікменстан Президенті.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің елімізге сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, достық пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасты:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында мәдени-гуманитарлық сала бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Түрікменстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында зейнетақымен қамтамасыз ету саласы бойынша ақпараттық ықпалдастық туралы келісім;
4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Түрікменстанның Әділет министрлігі арасында құқықтық саладағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында ветеринария саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Астық дақылдары ғылыми-зерттеу институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында көлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі 2026-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Түрікменстанның Денсаулық сақтау және медициналық өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2026-2027 жылдарға арналған негізгі іс-шаралар жоспары;
9. Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысы әкімдігі мен Түрікменстанның Балқан уәлаяты әкімшілігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
10. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Түрікменстанның Ғылым академиясы арасында ғылым саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
11. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК мен Түрікменстанның Телевизия, радио хабар тарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында ақпараттық сала бойынша ынтымақтастық туралы келісім.