Қазақстанда 150-ден аса компания БҰҰ орнықты даму мақсаттарын қолдайды

  • 0
  • 26.11.2025, 19:44

Қазақстанда 150-ден астам компания Біріккен Ұлттар ұйымының орнықты даму мақсаттарын қолдайды. Жаһандық ұйымның Алматыдағы орталығы осы кәсіпорындарды біріктіріп қана қоймай, өңірде тұрақты дамуға бағытталған жаңа жобалардың іске асуына ықпал етіп келеді. Осы бастамалардың тиімділігін талқылау үшін Орталық Азия елдерінің сарапшылары мен бизнес өкілдері арнайы форумда бас қосты. 

Форумда қыркүйекте Нью-Йоркте өткен 80-ші Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында айтылған бастамалар талқыланды. Негізгі назар орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге аударылды. Бұл 17 мақсат кедейлікті азайтудан бастап, сапалы білім, «жасыл» энергия, инновациялар, қоршаған ортаны сақтау және бейбіт қоғам құру сияқты бағыттарды қамтиды.

Саранго Раднарагча, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі: 

-
Біріккен Ұлттар ұйымының орнықты даму мақсаттарын іске асырып үлгеруге 5-ақ жыл қалды. Ондағы гендерлік теңдікті сақтау, әлеуметтік теңсіздікті жою сияқты бағыттарды жеке кәсіпкерлердің қатысуынсыз іске асыру мүмкін емес. 

Біріккен Ұлттар ұйымы Жаһандық Шарты Орталық Азия желісі бүгінде 150-ден астам компанияны біріктіреді. Ұйым өкілдері бизнес секторының инновация енгізу, ресурстарды тиімді пайдалану және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту арқылы аймақтың дамуына елеулі үлес қоса алатынын атап өтті.

Динара Сейджапарова, БҰҰ жаһандық шартының Орталық Азиядағы атқарушы директоры:

-
Бұл компаниялар орнықты даму мақсаттарын қолдаған кезде жай ғана декларация қабылдаған жоқ. Өз алдына ауқымды мақсат қойды. Қазір олар теңсіздікпен күресуге, экологиялық мәселелерді шешуге жеңін түріп, атсалысуда. 

Сарапшылардың сөзінше, Қазақстан 2030 жылға дейін орнықты даму мақсаттарының бірқатар бағытына қол жеткізе алады. Бірақ бұл үшін мемлекетпен қатар, бизнес және халықаралық ұйымдардың белсенді ынтымақтастығы өте маңызды.

Дана Әлиева, Азамат Саметов