Мемлекет басшысы: «Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші»
«Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз.
Шын мәнінде, тақырып – өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше.
Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек.
Жаңа ғана бірнеше әкімнің сөзін тыңдадық. Айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажет».
Президент: «Еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды»
«2020 жылы халыққа Жолдауымда ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам болды. Себебі жергілікті әкімдер бүкіл билік жүйесінің тірегі саналады.
Сондықтан біз орынсыз асығыстыққа жол берген жоқпыз, ауыл әкімдерін сайлау жұмысын 5 жылдың ішінде біртіндеп жүзеге асырдық.
Бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар».