Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің бірлескен отырысына қатысты. Отырыста Ассамблеяның биылғы қызметі қорытындыланды. Мәжіліс спикері Парламент өкілдері қауіпсіздікті нығайтуға арналған жаңа модельдік заңдар мен ұсынымдарды қабылдауда жоспарлы жұмыс жүргізгенін атап өтті. Олардың қатарында есірткі бизнесі, киберқылмыс, трансұлттық терроризм, адам және заңсыз қару саудасы, тағы да басқа қылмыс түрлерімен күрес мәселелері бар. Ерлан Қошанов халықаралық деңгейде қабылданған бірқатар маңызды шешімге назар аударды. Қазақстанның ауған халқына қолдау көрсетуге бағытталған күш-жігері туралы да айтты. Биыл Ауғанстанға 2500 тоннадан астам гуманитарлық жүк жөнелтілді. Осы орайда ол қатысушыларды Біріккен ұлттар ұйымының Алматыда орналасқан Өңірлік орталығын халықаралық көмекті үйлестіруде белсенді пайдалануға шақырды. Кездесу соңында Дамушы көпполярлы әлемде халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы мәлімдеме қабылданды. Сондай-ақ Парламенттік делегациялар басшыларын Ресей Президенті Владимир Путин қабылдады. Айта кетейік, келесі жылдан бастап ұйым төрағалығы Ресей Федерациясына өтеді.