Санаулы күннен кейін Қызылордада Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, алғашқы жиын 2022 жылы Ұлытау облысында ұйымдастырылған еді. Содан бері Президент, депутаттар мен саясаткерлер және қоғам белсенділері тұрақты түрде бас қосуда. Алқалы жиында көтерілген мәселелерді шешу мақсатында бүгінгі дейін 16 заң қабылданыпты.
Ұлттық құрылтай – ортақ мақсат пен игі істерге жұмылдыратын алаң. Бұған дейін Ұлытау, Түркістан, Атырау және Бурабай баурайында құрылтай ұйымдастырылғаны белгілі. Әр отырыс сайын өңірдегі мәселелер қаралып, белсенділер тарапынан қаншама ұсыныс айтылып, тың бастамалар көтерілді. Араға уақыт салып, сол міндеттердің бір бөлігі бойынша нақты шешімдер қабылданып, іске асырыла бастады. Қазақстанда бұрын-сонды болмаған институционалдық реформалар жасалды. «Парламенттің рөлі күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артты», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Былтыр салық реформасы жүргізілді. Бұл мемлекеттің қаржылық тұрақтылығына тікелей әсер ететін мәселе. Парламентте интернет-алаяқтықпен күреске бағытталған заңдар қабылданды. Сонымен қатар Цифрлық кодекс әзірленіп, жасанды интеллект дамытылуда.
Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Лудоманиямен күрес, нашақорлық, вейптермен күрес сияқты ұсыныстар заң жүзінде іске асып, қазір қызмет істеп жатыр. Тағы бір мысал айтайын, Ұлттық қордан әр балаға белгілі ақша бөлінеді.
Президент өңірлер арасындағы алшақтықты азайту бойынша да жауапты мекемелерге тапсырма берді. Бірінші кезекте инфрақұрылымды жақсарту қажеттігі айтылды. Сондай ірі жобаның бірі – «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» бағытындағы автожол. Ол орталық пен батыстың арасын 560 шақырымға қысқартады. Мамандар: «Жаңа жол тұтас өңірдің дамуына тың серпін береді», - деп бағалауда. Алдағы көктемде оның құрылысы басталады.
Құрылтайда көтерілген келесі мәселе – креативті индустрия. Әсіресе отандық кино өндірісін дамыту қажеттігі айтылды. Үздік жобаның бірі «Капитан Байтасов» фильмі. Ол шынайы оқиғаға негізделген.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
- Дәл осындай проектілер тек ютуб емес, кинотеатр аумағында да көбейсе, меніңше, бұл ұлтымыздың, жастарымыздың санасын ағартуға үлкен мүмкіндік. Кино бұл жай ғана ойын-күлкі алаңы емес. Ол идеологиялық басты құрал. Біз басты құралымызды жақсы дамытуымыз қажет.
Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл құрылтайдың қызмет атқарып жатқанына 4 жыл болды ғой. Әрбір облыста өткізіліп жатқан кезде ерекше мәселелелер қарастырылады. Алдағы құрылтай отырысында осындай жақсы дүниелер қаралады деген үмітіміз бар.
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы 20 қаңтар күні Қызылордада өтеді. Отырысқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Жиында қоғамдағы ең өзекті мәселелер талқыға түсіп, елдің келешек дамуы мен өркендеуіне бағыт-бағдар беретін тың ұсыныстар ортаға салынады.
Ердәулет Ыбырайұлы