Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың секциялық отырыстары басталды. Түске дейін әлеуметтік-мәдени даму, білім және ғылым мәселелері талқыланды. Ел өңірлерінен келген жүзден астам құрылтай мүшесі қоғамды алаңдатқан өзекті түйткілдерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жетекшілік ететін секцияда елдегі әлеуметтік-мәдени реформалар сөз болды. Аида Балаева Қызылордағы кездесудің қоғам мен билік арасындағы тікелей диалог алаңы ретіндегі маңыздылығын атап өтті.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
-Барлық ұсыныстар Ұлттық құрылтайдың хатшылығы арқылы мұқият зерделеніп, тиісті қорытындылар жасалады. Жалпы Президент тапсырмаларын орындау барасында Ұлттық құрылтай аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінгі жиында да айтылған әрбір ұсыныстар мемлекет дамуына үлес қосады деп сенемін.
Пленарлық отырыста Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Мереке Құлкенов бірқатар маңызды ұсынысын айтты. Атап айтқанда, биылғы мерейтойларды лайықты деңгейде атап өту, Абайтану орталықтарын ашу және Ұлттық балалар кітапханасын құру мәселелерін көтерді.
Мереке Құлкенов, Ұлттық құрылтай мүшесі:
-Көп деген мектептерде тек қана оқулықтар жиналып тұр. Ал көркем шығармалар жоқ. Ал бізде бірнеше жүздеген баспалар бар. Олардың өнімдері өте көп. Соларды ұйымдастырып, арнайы комиссия құрылып, ең жақсы шығармалар мектеп кітапханасына бару керек деп есептеймін.
Отырыс барысында отбасы құндылықтары, балалар тәрбиесі, бастауыш сынып оқулықтарындағы олқылықтар, жасанды интеллектінің қоғамға әсері сынды мәселелер де көтерілді. Ал Аманжол Әлтай қоғамдық мәдениеттің әлсіреп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Аманжол Әлтай, Ұлттық құрылтай мүшесі
-Мектепте тек бірінші кезекте бала білім алу керек деген тар ұғымды кеңейтіп, білім мен тәрбиені қатар жүргізуіміз керек деп ойлаймын. Ал отбасындағы ата-ананың жауапкершілігін күшейту бұл да үлкен маңызға ие. Яғни қоғамдық мәдениетті көтеру үшін нақты бір қадамдар жасалу керек. Бұл мемлекеттік саясаттың дербес бір маңызды бағытының бірі болу керек деп ойлаймын.
Басты мақсат – өзекті мәселелерді шешудің нақты әрі тиімді тетіктерін ұсыну. Құрылтай мінберінде айтылған ұсыныстар бүгінде ел дамуына серпін беретін бастамаларға айналып келеді.
Еділ Жаңбыршин, Ұлттық құрылтай мүшесі:
-Лудомания, вейп, фонограмма осылардың бәрін біздердің осы көтерген нормалардың авторларының бірімін. Сондықтан құрылтайда көтерілген көп мәселе заң жүзінде іске асты деп айтуға болады. Қазір бізде Мәжілісте менің бір көтергем мәселем бар, ғылым қалашықтары жөнінде. Заңның авторы есебінде біз қазір сонымен жұмыс істеп жатырмыз. Ол біздің айтып отырған экономикамыздың драйвері болу керек. Біздің экономиканың өсетін нүктелері болу керек. Инновацияны дамыту керек. Ол үшін ғылым қалашықтарын құруымыз керек. Оған арнайы заң жасауымыз керек.
Білім және ғылым секциясында да тың ойлар мен байыпты бастамалар аз болған жоқ. Соның бірі – ғылыми қалашықтар құру мәселесі. Бұл бағыттағы сауалдарға Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат жауап берді.
Саясат Нұрбек ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
-Үкіметтің тұжырымдамасы бегітілді. Өткен жылдың соңында үш пилоттық ғылыми қалашық белгіленді. Ол Курчатов қаласы, Ядролық физика институты Алматының жанындағы Алатау паселкасындағы және Назарбаев университетінің 45 гектар жеріндегі үлкен парк. Қазіргі таңда Мәжіліске заң жобасы кірді. Биыл шығып қалады. Сондықтан қызық осындай жаңа құрал осы жылдан бастап жүзеге асырылатын болады.
Дихан Қамзабекұлы, Ұлттық құрылтай мүшесі:
-Осында айтылған біраз дүниелердің бәрі де атқарушы биліктің түрлі салаларына тапсырма ретінде түседі. Бұл тезірек қоғамның ойының заң шығарушы билікке, сонымен бірге атқарушы билікке тезірек жетуіне қамтамасыз етеді. Қоғам мен мемлекеттің арасындағы алтын көпір деген ой құрылтайдың негізгі миссиясын құрайтындығы осыдан дәлелденеді.
Сондай-ақ түске дейінгі секция отырыстарында Жасанды интеллект университетін құруға қатысты ұсыныстар да кеңінен талқыланды.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев