Әр министр мен әкімнен нақты нәтижелер керек – Бектенов

  • 9
  • 21.01.2026, 21:30

Мыңдаған сұрақ, жүздеген шешім, ондаған жоба мен бір ниет. Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар мен Президент тапсырмаларына Үкіметтің көзімен қарасаңыз, осылай бағамдауға болады. Бұған дейін жарияланған ауқымды саяси реформалардың жалғасы ретінде қойылған үлкен міндеттерді атқарушы билік еңсере ала ма? 

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Құрылтайдың өткені кеше ғана, ал Үкімет таңмен таласып, онда қойылған міндеттерді орындау үшін іске кірісті. Бектеновтың өзі бас болып, министрлермен қайтпек керектіні талқылады. Шамасы олар түнімен ұйықтамаса керек, тіпті сала салаға бөліп, жоспар дайындап әкелген. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы әрбір жауапты лауазымды тұлғаға батыл әрі тосын инновациялық шешімдер қабылдау қажеттігі туралы қатаң талаптар қойды. Бұл өмірдің барлық саласына қатысты. Әрбір министр мен әкімнен әрбір сала мен өңірде көзге көрінетіндей нақты нәтижелер керек.

Деген Бектенов мырза құрылтайдан кейін Үкіметтің жұмысы қауырт болатынын меңзеді. Ал премьердің орынбасары, экономикалық блоктың тізгінұстары Серік Жұманғарин мырзаның басын ауыртқан міндет – халықтың табысы. Экономикамен елдің еңсесін түсірмейтін жоспар бар екен айтуынша. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Биыл халықтың нақты табысының өсуі 2-3 проценттен жоғары болуы тиіс. Бұған экономиканың тұрақты әрі сапалы өсуін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету есебінен қол жеткізілетін болады. Экономиканың өсуі 5 проценттен кем емес деңгейде қамтамасыз етіледі. 

Экономикалық белсенділікке қан жүгірту үшін нақты секторға 8 трлн теңге инвестиция бағытталады. «Ал инфляцияны 9-11%-ға дейін төмендетуге барымызды саламыз», - дейді Жұманғарин мырза. Бағаларды тұрақтандыру үшін әлеуметтік тауарлар тізбесі 19-дан 31-ге кеңейтілсе, салық реформасын тиімді іске асыру үшін 130 мың кәсіпкерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. 

Құрылтайдың 5-ші отырысында, яғни кеше көмір генерациясын дамыту жөнінде ұлттық жоба әзірлеу қажеттігі айтылса, бүгін Энергетика министрі: «Тапсырманы орындауға кірісіп кеттік», - деп баяндады.

Әңгіме жылу энергетикасы хақында. Ол қолданыстағы жылу электр орталықтарын жаңғырту, тиімді көмір блоктарын салу және заманауи тазалау қондырғыларын орнату міндеттерін қамтиды. Оның сыртында әлбетте жаңа жылу электр стансаларының құрылысы және бар. 

Көмір генерациясы бойынша қуаты 2640 МВт болатын 3-ші Екібастұз ГРЭС-інің құрылысы, 700 МВт Курчатов ЖЭО, 240 мвттық Көкшетау ЖЭО және әрқайсы 360 МВт қуат көзін беретін Семей мен Өскеменде салынатын ЖЭО-ры. 

Бұдан бөлек газ генерациясы, оның ресурстық базасын кеңейту, су энергетика жүйесінің картасын әзірлеу сияқты міндеттер бойынша жұмыстар қолға алынған.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:  

- Құрметті Олжас Абайұлы, жоғарыдағы МБ тапсырмалары министрліктің ерекше бақылауында.

Жасанды интеллект министрлігі де: «Жасампаз жобаларымыз бар», - дейді. Екібастұзда деректерді өңдеу орталығының алқабын құру идеясын құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы құптаған. «Мемлекеттік функциялар тізілімін цифрландыруды жүргізіп жатырмыз, ал азаматтардың жеке деректерін енді қызғыштай қорғаймыз», - деп ант-су ішті Ростислав Коняшкин мырза.

Ростислав Коняшкин, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

- Біз цифрлық деректердің кез келген тарапқа кетуіне және осы салада «нөлдік төзімділік» саясатына көшеміз. Осы мақсатта біз қауіпсіздік талаптарын орындамағандарға әкімшілік айыппұлдардың шегін бірнеше есе арттырып, 5000 айлық есептік көрсеткішке дейін жеткіземіз. Бұдан бөлек, дербес деректер жаппай тарап кеткендіктен қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынамыз.

Көлік министрі де: «Керім жоспарларымыз бар», - деп мәлімдеді. Ол биыл «Қызылорда – Жезқазған» бағытында автожол қозғалысы жыл аяғына дейін ашылады деп сүйіншіледі. «Қызылорда – Ақтөбе» бағытын төрт жолақпен кеңейту жұмыстары да әне-міне басталғалы тұр екен. Ал Су ресурстарсы министрлігі: «Солтүстік Арал теңізінің аумағын әуелі 32, сосын 4-5 жылда 4000 шаршы шақырымға дейін ұлғайтамыз», - деп отыр. Оның бер жағында Қызылорда және Түркістан облыстарында суару жүйелерін автоматтандыру есебінен 500 млн текше метр тіршілік нәрін үнемдемек. Экономикадан бөлек, денсаулық сақтау, білім беру, тіпті рухани-мәдени мәселелер де Үкімет назарында. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:   

- Мәдениет, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Абай облыстарында театр құрылысын қаржыландыруды қамтамасыз етсін және Алматы қаласындағы театрлардың реконструкциясын жыл соңына дейін аяқтасын. Мәдениет министрлігі биыл Қазақстанның бірқатар нысанын және Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізіміне енгізу рәсімін жүргізсін.

Ұлттық құрылтайда көтеріліп келген мәселелер аспаннан түскен жоқ. Күнделікті өмірде туындаған түйткіл мен талап. Сондықтан Президенттің барлық тапсырмасы елді ауқымды жаңғыртудың бірыңғай ұзақ мерзімді стратегиясы екенін атап өтті Премьер. Мемлекетті жаңғырту миссиясының негізгі батпаны осы министрлер кабинетінің мойнында десек, әсілінде Үкіметте кіші құрылтай өтті десе де болады. Себебі бар саланың бар мәселесі қарастырылды.

Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев