Үкімет басшысы Теңіз кен орнындағы апат салдарын қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Бұл мәселе Олжас Бектеновтің ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен кездесуінде сөз болды. Тараптар Теңіз бен Қашаған кен орындарындағы жағдайды, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумының тұрақты жұмысын талқылады. Премьер-министр мұнай-газ саласындағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударып, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар олар бірлескен жобалардың тиімділігін арттыру, геологиялық барлау жұмыстарын дамыту мәселелерін де қарастырды.