Конституциялық комиссияның үшінші отырысында әлеуметтік құқықтар талқыланды

  • 7
  • 26.01.2026, 21:57

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның үшінші отырысы өтті. Жиында білім беру, адамдардың еңбек құқығын, жеке бас құқығын қорғау тағы басқа салалар бойынша ұсыныстар айтылды. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның үшінші отырысында сөз алғандардың бірі – «Келешек» жастар кеңесінің басшысы Гүлзира Атабаева. Ол сөз бостандығы және зияткерлік меншікті қорғаудың кепілдіктерін күшейту жөніндегі бастаманы толық мақұлдайтынын айтты. Сондай-ақ заңға заманауи ұғымдарды енгізу қазақстандық қоғамның табысты дамуына ықпал етеді деп санайтынын айтты. 

Гүлзира Атабаева, «Келешек» жастар кеңесінің басшысы:

-Қазіргі жастар идеялар, контент және инновациялардың ортасында өмір сүреді. Зияткерлікті нақты қорғаусыз ғылымды, мәдениетті және шығармашылық экономиканы дамыту мүмкін емес. Бұл қағидаттарды конституциялық бекіту – елдің зияткерлік әлеуетіне жасалған  инвестиция деп санаймын. 

Отандастарымыздың еңбек құқығын қорғау. Бұл тақырыпта біздің қоғам үшін өзекті. Қай салада істейтін маман болса да адамдар өзінің қашан жұмысқа шығып, қай уақытта демалатынын білуі, ал басшылық тарапынан сол кестенің сақталуы міндетті шарт.

Әбілғазы Құсайынов, Қоғам және мемлекет қайраткері:

-Бекітілген тұрақты жұмыс уақыты. Жұмысшылардың ақылы еңбек демалысын мерзімінде алуы, нормадан тыс еңбекті бағалау, демалыс күндерін пайдаланса қосымша қаржат төлеу. Осы айтылған мәселелердің орындалуы, отбасының және мемлекеттің дамуына зор ықпал етеді. 

Қоғам қайраткерлері, саяси партия өкілдері мен сарапшылар жалпы жиырмаға жуық адам өз пікірін білдірді. Жеке басты қорғау тетіктерін жетілдіру, адвокаттура мәртебесін ата заңда белгілеу сынды ұсыныстар да айтылды. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның төртінші отырысы қаңтардың 28 күні өтеді деп жоспарлануда. 

Ердәулет Ыбырайұлы