Жаңа Конституцияның жобасы әзірленді

  • 449
  • 30.01.2026, 21:35

Конституциялық комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын әзірледі. Құжаттың толық мазмұны Конституциялық Соттың ресми сайтында және отандық мерзімді басылым беттерінде жарияланды.

Жаңа Конституцияның жобасы соңғы 6 айда келіп түскен азаматтардың, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен сарапшылардың ұсыныстары, сондай-ақ комиссия мүшелерінің пікірлерін ескере отырып әзірленді.

Қазақстанның жаңа Конституциясы бірінші жобасының мазмұнын Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырды. Айтуынша, Ата Заң кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарыпты. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын құндылықтар көрініс тапқан.

Бақыт Нұрмұханов, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі:

- Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны президенттік республика деп тұжырымдалды. Осылайша бұрын бірқатар ғалымдар мен мамандардың басқару нысанын нақтылау қажеттігі туралы ұсынысы жүзеге асты. Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды. Бұл мызғымас талап Конституцияның алғашқы нормаларында бекітілді.

Сонымен бірге спикер егемендіктің иесі – халық екені Конституция мәтінінде көрініс тапқандығына тоқталды. Жалпы 4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы, деп шегеленіп жазылыпты. Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Ал бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші «Құрылтай» деген бөлімде жинақталған. Қалған бөлімдерде «Үкімет», «Конституциялық Сот» жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару тағы басқа нормалар қарастырылған. Ал Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин жекелеген баптардың мән-маңызына тоқталды. Ол жаңа Конституциядағы Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын атады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

- Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары – Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпы ұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру.

Ерлан Қарин: « Бұл үлдем жаңа бап», - деді. Онда қоғамдық диалогты дамыту, еңбек, прогресс, білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау керіктігіде қамтылған. Ал адам құқығы мен бостандығы жаңа Конституцияның алтын арқауы болып тұр.

Ердәулет Ыбырайұлы