Ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Пәкістан Ислам Республикасына барады. Сапар аясында Премьер-министр Шахбаз Шарифпен және Президент Асиф Али Зардаримен келіссөздер жүргізіп, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жайын талқылайды. Бұл - Қазақстан басшысының 2003 жылдан бергі алғашқы сапары. Көне жібек жолы заманынан тамыр тартатын тарихи байланыстар енді жаңа заманда жаңа деңгейге шықпақ. Пәкістан іскерлік кеңесінің өкілдері Қазақстанның экспорттық әлеуеті бірнеше миллирад долларға жетеді деп топшылауда.
Пәкістан парсы тілінде «Таза жандар» мекені деген мағына береді. Халық саны жөнінен әлемдегі 5-ші мемлекет. 255 адам тұрады. Біздің Қазақстанның халқы мұнда 4-5 жылда ғана өмірге келетінін айта кету керек. Азық-түлік, қуат көздері мен табиғи ресурстарды көп тұтынатын Пәкістаннің өзі үлкен нарық десек, оның сыртында Үнді мұхиты арқылы Оңтүстік Шығыс Азия, Парсы шығанағы, Африка нарықтарына шығатын үлкен нарық.
Сол үшін біздің елімізге көлік дәліздерін құру стратегиясы маңызды. Қазақстан Ауғанстан арқылы Пәкістанға шығатын халықаралық Трансауған теміржолы құрылысын қаржыландыруға ниетті.
Ержан Қыстафин, Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Бүгінгі таңда біздің арамызды жалғайтын теміржол желісі жоқ мемлекет Ауғанстан. Сондықтан біздің үкімет Ауған елі арқылы Пәкістанмен жалғайтын теміржол дәлізіне инвестиция салуға әзірлік танытты. Бұл Үнді мұхитын шығатын төте жол.
Ауыл шаруашылығы, фармацевтика, спорт тауарлары, мақта, қант, цемент, жеңіл өнеркәсіп өнімдері және хирургиялық медициналық аспаптарды шығаратын әлеуеті зор мемлекет. Еуропаның медицина мекемелерінің көбісі дерлік хирургиялық құралдарды осы Пәкістаннан алып отыр. Өз кезегінде олар 2020 жылы Орталық Азия аймағының әлеуетін зерттеуге бағытталған арнайы бағдарламаны бекітіп, осыдан үш жыл бұрын Пәкістанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қабылдаған. Аталған құжаттағы бірінші басымдық ретінде Ауғанстан арқылы Орталық Азияға шығуды қарастырады екен.
Мемлекет басшысының сапары аясында 70-тей екіжақты құжаттарға қол қойылады деп күтіледі. Президент сондай-ақ Қазақ Пәкістан іскерлік өкілдерінің форумына да қатысады. Мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланыстар да жаңа деңгейге шықпақ. Ғылым-білім және спорт саласындағы ықпалдастықтың жаңа қадамдары турасында ертеңгі эфирлерде толығырақ баяндаймыз.
Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Бақытжан Нұртаев