Жаңа Конституция жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат. Премьер-министр Ұлттық ғылым академиясы мүшелерінің қатысуымен өткен кеңесте осылай деді. Олжас Бектенов жиында Конституция жобасын ашық әрі нақты түсіндірудің маңыздылығына тоқталды. Қатысушылар да өз пікірлерімен бөлісті.
Үкіметтегі кеңес. Оған ғалымдар, мемлекеттік орган басшылары және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Жиынды ашқан Премьер-министр жаңа Конституция жобасының мазмұнына тоқталды. Құжатта ел дамуының жаңа бағдарлары, оның ішінде білім, ғылым және инновация саласындағы басымдықтар белгіленгені атап өтілді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:- Ата Заңның жаңа жобасы – Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайтын әлеуметтік әділдік пен құқық, теңдік сияқты аса маңызды құндылықтарды қамтамасыз ететін прогрессивті құжат. Онда адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Сондай-ақ ҚР адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танитындығы айтылған.
Өткен үш жыл ішінде республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру көлемі 3,5 есеге ұлғайыпты. 2026 жылы оның көлемі 214 млрд теңгені құрады. Талқылау барысында ғылыми ортаның өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдап пікір білдірді.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
-Қазіргі жаһандық өзгерістер, халықаралық стандарттар, құндылықтар өзгеріп жатқан кезеңде. Қазақстан мықты жүйе құру керек. Ал енді мықты мемлекеттік жүйе құру үшін, әрине заңдар өзгеру керек. Бұл мемлекеттің болашағын ойлайтын, ертеңгі күнін ойлайтын мемлекеттің іс қимылы деп білуге болады.
Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- «Жаңа Конституция жобасы түрлі сала мамандарымен әзірлеген жан-жақты пысықталған құжат. Ғалым ретінде мені ғылым, инновация және адам әлеуетінің дамуы көптеген бапта көрініс тапқаны қуантады. Бұл шешімдер жастардың ғылымның болашағымыз екенін түсінуіне ықпал етеді.
Сондай-ақ Үкіметте министрлер және өңір әкімдерінің қатысуымен жаңа Конституция жобасын халыққа түсіндіру бойынша да кеңес өтті. Жиында ақпараттық жұмыстарды күшейту тапсырылды. Олжас Бектенов Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа жанаспайтын араңдатушылық сипаттағы жарияланымдар тіркеліп жатқандығына тоқталды. Осыған байланысты жалған әрі бұрмаланған ақпараттармен күресуге баса назар аудару қажет деді. Бұл жерде әсіресе Ішкі істер министрлігі қырағылық танытуы тиіс.
Ердәулет Ыбырайұлы