Жаңа Ата заң жобасы жалпыхалықтық референдумға шығаруға дайын әрі халық шешімімен бекітетін уақыт жетті. Бұл туралы Конституция комиссияның 12-ші отырысында айтылды. «Құжатта елдің тарихы мен даму жолы жан-жақты қамтылған», - дейді мамандар.
Бүгінгі жиында да Ата заңның жобасы жан-жақты талқыланды. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ұсыныстар негізінде енгізілген қосымша нормалар туралы баяндады. Оның айтуынша, жекелеген ережелер бірпалаталы Құрылтайға көшу мәселелерін реттейтін болады. Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым: «Жаңа Конституцияны референдумға шығаруға дайын», - деп есептейді.
Айдас Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көптеген ойлар, ұсыныстар жүзеге асты. Сөзбе-сөз болмаса да Ата заңға енді. Осы азаматтардың барлығы да аяқталайын деп отырған тарихи жұмысымыздың белді белсенді мүшесі, Президентіміздің команда деп айтсам артық болмас. Барша ұсыныс берген азаматтардың аты аталып, оларға Конституциялық Сот атынан немесе конституциялық комиссия атынан ресми түрде алғыс айтылып, алғыс хат берілсе екен деген ұсыныс айтқым келеді.
Ата заңның жаңа жобасына қатысты «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев та пікір білдірді. Ол бірқатар өңірде халықпен өткен кездесудегі ұсыныстар ескерілгенін атап өтті.
Серік Егізбаев, «Ауыл» партиясының төрағасы:
- Талқылау барысында қоғамнан келіп түскен мыңдаған ұсыныстар ескерілген, еліміздің болашақтағы даму барысын, азамат пен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының жаңа моделін, мемлекеттік басқарудың бағыт-бағдарын айқындайтын жаңа Конституциямызды халықтың шешіміне ұсынғалы отырмыз. Конституция жобасы қоғамның өзекті сұраныстарына сай келеді.
Отырыс барысында бірнеше партия жетекшілері Ата заңның жаңа жобасын қолдайтындарын айтты. Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция мәтіні қызу талқыланғанын атап өтті. «Заңгерлер мен тіл мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесінде Ата заң мәтіні оқуға жеңіл, түсінікті, халық құқығын қорғайтын құжатқа айналды», - деді. Сондай-ақ ел тарихында болған Конституциялардың қызметі мен маңызы да айтылды.
Эльвира Әзімова, Конституциялық Соттың төрайымы – Конституциялық комиссияның төрайымы:
- Біз әрбір уәжді жан-жақты саралап, халықаралық тәжірибе мен ұлттық мүддені өзара сабақтастыра отырып, салмақты шешімдер қабылдауға ұмтылдық. Конституциялық комиссияның миссиясы басынан бастап айқын болды. Ол азаматтардың көпшілігінің еркін көрсететін құқықтары мен міндеттерін, тепе-теңдігін қамтамасыз ететін, мемлекеттілікті нығайтып, адам құқықтары мен кепілдіктерін қорғауға бағытталған үйлесімді, салмақты Ата заң моделін әзірлеу.
Отырыс барысында жаңа Конституция жобасын әзірлеуге үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс айтылды.
Әнуарбек Мырзатайұлы